Жаңалықтар

Түркістанда екі қолы жоқ өнерпаз аяғымен сурет салып, садақ атады

Түркістанда екі қолы жоқ өнерпаз аяғымен сурет салып, садақ атады
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі 07.12.2024 08:44 462

Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тумасы Нышанғали Рахман екі аяғының көмегімен сурет салып, жазу жазады. 19 жастағы жігіт бүгінде ол Кентау қаласындағы арнаулы колледждің екінші курсында оқиды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, жас суретші өзі сияқты тағдырлас жандармен бірге оператор мамандығын меңгеріп жүр. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Нышанғали Рахманға екі қолының жоқтығы кедергі емес, барлық істі аяғымен жасап үйренген. Ол ұялы телефонды да аяқ саусақтарымен пайдаланады. Тіпті ойын ойнап, компьютердің құрылғыларын ауыстырып, сурет те салады.

Негізінен анимация және мультфильм кейіпкерлерінің суреттерін салғанды жақсы көремін. Шаршаған кезімде ән тыңдап, өзім ұнатқан суретті салып, жаным демалып қалады. Сонымен қатар  ән айтып, жарыстарға да қатысамын. Болашақта архитектор болуды армандаймын. Сәулет өнерінің қыр-сырын меңгеріп, келісті үйлердің сызбасын жасау жоспарымда бар,- деді Нышанғали Рахман.

Ұстаздарының айтуынша, Нышанғали қоғамдық жұмыстарға да белсенді. Колледжде жүріп садақ ату, жүзу, теннис, шахмат, тоғызқұмалақ ойнаудан үздіктердің қатарында. Тіпті аяғымен садақ атып, ең үздік садақшы номинациясын жеңіп алған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға