Жаңалықтар

Түркістанда 68 млн текше метр су жинайтын жаңа су қоймасы салынып жатыр

Түркістанда 68 млн текше метр су жинайтын жаңа су қоймасы салынып жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі 30.07.2024 06:18 751

Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен Түркістан облысында 68 млн текше метр су жинайтын «Бәйдібек ата» су қоймасы салынып жатыр. Жаңа гидротехникалық нысан Балабөген және Үлкенбөген өзендерінің қиылысқан тұсында орналасқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, бөгеттің ұзындығы – 1,75 шақырым, биіктігі – 26 метр. Су қоймасы көктемгі тасқын суын жинап, суару маусымында «Бөген» су қоймасына қосымша су жіберетін болады.

Министрліктің Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Түркістан облысында «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Екі нысан «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша біз Түркістан қаласы аумағында ағын су мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Су қоймасына жиналған суды «Бөгенге» жеткізу үшін «Сарқырама» каналы салынып жатыр. Жалпы ұзындығы 21,7 шақырым болатын канал секундына 12 текше метр су өткізе алады. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 48%-ға аяқталып, 10 шақырымнан астам бөлігі толық бетондалды.

«Бәйдібек ата» су қоймасының негізгі су көзі – Бөген өзені. Гидрологиялық есептеулерге сәйкес, өзеннің орташа жылдық ағыны – 165 млн текше метрге дейін жетеді. Яғни, осы суды жинап алып, халықтың қажеттілігіне жарату өте маңызды,- деді су шаруашылығы саласының ардагері Ілияс Әлібеков.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға