Түркістанда 330 мектепке Илон Масктың спутниктік интернет жүйесі орнатылып жатыр
Түркістан облысының шалғай ауылдарындағы білім ошақтары заманауи интернет желісіне қосыла бастады. Республика бойынша алғашқылардың бірі болып өңірдегі 330 мектепке өнертапқыш әрі инвестор, «SpaceX» компаниясының негізін қалаушы Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет жобасы енгізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жалпы өңірдегі 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 581 мектепке жылдамдығы жоғары талшықты-оптикалық интернет желісі орнатылған. Жақында қосымша 33 мектепке орнату жоспарланып отыр. Ал 330 мектеп шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты техникалық мүмкіндігіне қарай жылдамдығы 512 Кб/с - 20 Мбит/с құрайтын төмен жылдамдықты интернет желісінде отыр. Осы білім ұяларының 200-ден астамы «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ «SpaceX» компаниясы арқылы «Starlink» спутниктік интернетке қосылды. Қалған 130 мектепке де жаңа интернет жүйесі таяуда орнатылады. Бұл - еліміздегі ең үлкен көрсеткіш.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, қалған ауылдар сәуір айының соңында жаңа желіге қосылып, интернет мәселесі толық шешілмек.