Түркістанда 19 жасар бойжеткен анасына бауырын берді

Түркістан облысында алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалынды. 19 жасар қыз анасына бауыр доноры болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Профессор Б.Баймаханов басқарған А.Сызғанов атындағы ҰҒХО мамандарының жоғары біліктілігі мен үйлесімді жұмысының арқасында облыстық клиникалық ауруханасында операция сәтті өтті.
48 жастағы науқас Ульяна Нурметова бауыр циррозы ауруына шалдыққан. 2019 жылдан бастап гастроэнтерологтың бақылауында болған. Оған Child-Turcotte-Pugh жіктемесі бойынша В класты вирус этиологиялы бауыр циррозы диагнозы қойылған. Амбулаторлық және стационарлық ем қабылдап жүрген оның ауруы порталдық гипертензиямен, ісінумен, гиперспленизм синдромымен асқынып, науқастың жағдайы қиындай түскен. Ұзақ уақыт жүргізілген емдеу шараларына қарамастан, жағдайы нашарлап, бауыр трансплантациясы оның өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болыпты.
Науқастың 19 жастағы қызы Эльвира Сахавитдинова жан-жақты медициналық тексеруден өткен соң донор болуға сәйкестігі анықталған.
Бауыр трансплантациясы Түркістан облыстық клиникасының базасында ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары мен академик Б. Баймахановтың жетекшілігімен өткізілді. Бұл операция шеңберінде В.Мутагиров, М. Жұмабекова (анестезиологтар), М. Досханов, С. Тілеуов, Ж.Оспан (хирургтар) және облыстық клиникалық аурухананың мамандары белсенді жұмыс атқарды. Бұл операция аймақ тарихындағы алғашқы бауыр трансплантациясы болды және Түркістан облысында трансплантология саласының дамуына жаңа мүмкіндік ашты,-деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Қазіргі уақытта донор мен реципиент дәрігерлердің динамикалық бақылауында. Отадан кейінгі кезең ауыр асқынуларсыз өтіп, трансплантацияланған органның қызметі біртіндеп тұрақталып келеді.
