Түркістан облысының транзиттік әлеуеті арттып келеді
Түркістан облысында транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақырым жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл аталған жолдың 52,7 шақырымы пайдалануға берілмек. Жоба 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Кентау қаласынан тікелей Жамбыл облысы мен Созақ ауданына және Түркістан халықаралық әуежайы мен Шымкент қаласына қатынайтын айналма жолдың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген.
Облыста жол құрылысы саласын дамыту бойынша өзге де жобалар жоспарланып отыр. Мәселен, 2025-2027 жылдар аралығында Сарыағаш қаласында 102 шақырым айналма жолдың құрылысы бойынша бүгінгі таңда мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2026-2028 жылдары Түркістан қаласында 30 шақырым шығыс айналма жолының құрылысы мен 48 шақырым Шымкент айналма жолының құрылысы басталмақ,-делінген хабарламада.
Түркістан облысы Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы алтын көпірге айналған. Бүгінгі таңда қос мемлекет арасындағы «Қапланбек» және «Қазығұрт» кеден бекеттеріне жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысында. Сәйкесінше, кеден бекеттеріне кіреберіс жолдарды да кеңейту жұмыстарын жүргізу мақсатында жоба әзірленуде. Аталған жобалар көліктік инфрақұрылымды дамытып, транзиттік әлеуеттің артуына оң әсер етеді.
Өңірде ерекше маңызға ие тағы бір құрылыс нысаны «Дарбаза-Мақтаарал» жаңа теміржол желісін салу жобасы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында нақты тапсырмалар беріп, өз бақылауына алған жоба - Сарыағаш өткізу пунктінің жүктемесін азайтып, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарын байланыстырып, аудандарды дамытуға тың серпін бермек. Аталған жоба іске асырылған жағдайда, оңтүстік аудандардың экономикасы көтеріліп, транзиттік әлеуеті артпақ. Қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолы» АҚ тапсырысымен бас мердігер «Integra Construction KZ» ЖШС тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Облыстың транзиттік әлеуетін арттыруда Түркістан халықаралық әуежайының қосар үлесі ерекше. Бүгінде әуежай 3 халықаралық және 5 ішкі бағыттар бойынша қызмет көрсетуде. Рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Wizz Air» «Abu Dhabi», «Fly Arystan», «Qazaq Air» әуекомпаниялары орындайды. Әуежай аптасына 23 рейске қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, өңірде әуе жолдары арқылы жүк тасымалы да біршама артқан. Мәселен, 2023 жылы бұл көрсеткіш 57 тонна болса, 2024 жылы 553,4 тонна жүк тасымалданған.