Түркістан облысының спортшылары алдағы жарыстарға дайындықты күшейтпек

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі Орталығы» ғимаратында облыстағы спорт саласындағы жұмыстар мен жетістіктер талқыланды. Кездесуде ҚР VI жастар спорттық ойындары сараланып, алдағы жарыстарға дайындық барысы пысықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Спорттың 34 түрін қамтитын кешенді додада Түркістан облысының спортшылары үздік нәтиже көрсетуі үшін аға жаттықтырушылар мен жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктелді. Сондай-ақ, 2025 жылдың I тоқсаны бойынша спорт мекемелерінде атқарылған жұмыстар жөнінде есептер тыңдалды. Бұдан бөлек, жиында биыл Алматы облысында өтетін «Ақ бидай» республикалық VIII ауыл спорты ойындарына деген облыс құрамасының дайындығы талқыланды.
Айта кетсек, Түркістан облысының спортшылары өткен VII ауыл спорт ойындарының жеңімпазы атанған болатын. Осы мәртебені сақтап қалу мақсатында дене шынықтыру және спорт басқармасының Ғалымжан Худияров жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, дайындықты күшейтуді міндеттеді.
