Жаңалықтар

Түркістан облысының делегациясы Бейжіңде NAURYZFEST өткізді

Түркістан облысының делегациясы Бейжіңде NAURYZFEST өткізді
Фото: Түркістан облысы әкімдігі 30.03.2024 15:32 652

Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында Түркістан облысының әкімдігі NAURYZFEST мерекелік іс-шарасын ұйымдастырды. Шараға Қазақстанның Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев қатысып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Концерт алаңына жиналған қауымға ұлттық тағамдар ұсынылып, өңірдің туристік әлеуеті қамтылған үнпарақтар таратылды.

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы бірлесіп өткізген «NAURYZFEST» іс-шарасына өңірдің өнерпаздары, туризм және мәдениет саласының өкілдері атсалысты. Облыстың шығармашылық ұжымдары қазақ халқының таңдаулы ән-күйі мен биін көрермендерге паш етіп, қошеметке бөленді. Атап айтқанда, «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрі, «Яссы» би ансамблі, «Таңба» этноквартеті және әншілер Бейжің халқы мен Қытай қазақтарына рухани серпіліс сыйлады. «Шашу», «Гәкку», «Түркістан», «Сарыарқа», «Сүгірдің термесі», «Махамбет», «Отан» және тағы басқа үздік туындылар орындалып, театрландырылған қойылым сахналанды. 

Еске салсақ, биыл Қазақстан-Қытай арасындағы мәдени-рухани және туризм бағыттары бойынша қарым-қатынас одан әрі нығаяды. 2024 жыл - Қытайдағы Қазақстан туризм жылы болып бекітілген. 28 наурыз күні Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстан турзим жылының ресми ашылуы басталған болатын. Халықаралық туристік көрмеге Түркістан облысы белсене қатысып, өз өңірінің туристік өнімдерін жоғары деңгейде танытқаны үшін 2-орынды иемденді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға