Түркістан облысының білім беру жүйесіне жүргізілген кешенді мониторинг қорытындыланды
Түркістан облысына жұмыс сапарымен бірінші вице-министр Наталья Жұмаділдаева бастаған министрліктің бір топ өкілі барды. Өңір педагогтерімен кездесу өтіп, онда білім саласында жүргізілген кешенді мониторингтің қорытындысы талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Түркістан облысының білім беру ұйымдарындағы тежеуші факторларды анықтау үшін жаһандық PISA зерттеуінің нәтижелері мен MОДО ішкі сапаны бағалау жүйесі негізінде өткен жылдың қараша айында министрлік кешенді талдау мен бағалау жүргізген болатын. Қорытындысы бойынша кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жоспары әзірленді. Жұмыс биыл да жалғасын тапты.
Сапалы білім және тәрбие жұмысын ұйымдастыру үшін міндетті нормативтік құжаттар сәйкестендірілді, 1000-нан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан сәтті өтті, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде материалдық-техникалық базаны жаңарту шаралары күшейтілді. Қазіргі уақытта кадрлық әлеуетті, оның ішінде басшылық құрамды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жиынды қорытындылай келе, оқу-ағарту бірінші вице-министрі мемлекет педагогтердің мәртебесін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға, балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта құруға үлкен мән беріп отырғанын айтты.
Басты міндет – әрбір балаға сапалы білім беру. Бұл аса маңызды және ол білім беру жүйесінің барлық элементтерінің тиімді жұмыс істеуімен, оның ішінде кадрлардың біліктілігімен тікелей байланысты, - деп атап өтті Наталья Жұмаділдаева.
Жұмыс сапары облыс тұрғындарымен кездесумен, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдаумен жалғасты. Сондай-ақ министрлік өкілдері бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, мәселелерімен танысты. Айта кету керек, биыл кешенді мониторинг Алматы облысында жалғасады.