Жаңалықтар

Түркістан облысының бас имамы кімнен ақша жинап жүр?

Түркістан облысының бас имамы кімнен ақша жинап жүр?
Фото: ҚМДБ 02.10.2024 20:48 497

Әлеуметтік желілерде Бас мүфти және Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлеповтің күмәнді ақша жинау әрекеттері туралы жазба жарияланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Шуға айналған бұл ақпарат авторы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілдері Бас мүфтидің Түркістан облысына келген сапарына орай өңір имамдарынан ақша жинау әрекеті болғанын жазған. Дегенмен бұл ақпаратты облыстың бас имамы жоққа шығарды. Сөзінше, жазбада айтылған сөздер мүлдем шындыққа жанаспайды.

«Әлеуметтік желі қолданушысы өзінің парақшасында «Түркістандық қарапайым имамдар «қоңыз теріп» қиналып кетті» деген тақырыпта жазба жариялапты. Автор аталған жазбасында Бас мүфтидің Түркістан облысына келген сапарына орай өңір имамдарынан ақша жинау әрекеті болғанын жазыпты. Біз бұл ақпаратты жоққа шығарамыз және оның шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Осы ретте айта кетер жайт: имамдар тиімді бағамен мешіт арқылы газет-журналға жазылады. Кейбір дін қызметкерлері білместікпен каспи голд арқылы газет-журнал ақшасын маған аударған екен. Болған жағдайға байланысты арнайы жиналыс өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздім, - дейді Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов.

Өңірдің бас имамы өз жауабында «автордың шектен шыққан ісін өзінің ары мен ұятына қалдыратынын» жеткізді. Сондай-ақ, оқырмандарды тек расталған ақпарат көздерінен ғана мәлімет алуға шақыратынын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға