Жаңалықтар

Түркістан облысындағы бір ауданда ұлттық жоба шеңберінде 2 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды

Түркістан облысындағы бір ауданда ұлттық жоба шеңберінде 2 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды
Фото: © El.kz 15.02.2024 04:10 855

Түркістан облысы Шардара ауданында «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде екі қолға бір күрек тапқан тұрғындар саны артып келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәселен, былтыр аталған жоба аясында 2933 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланған. Жыл соңында жобаға қатысқандар саны 4408 адамға жеткен. Жобаға қатыстырылғандардың ішінде  3474 тұрғын жұмысқа орналасқан. Оның 1998-і жастар болса, 233-і мүгедектігі бар адамдар. 533 тұрғын аз қамтамасыз етілгендер санатына жататындар.

Аудандық «Мансап» орталығы филиалының мәліметіне сүйенсек, жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес 15 жұмыссыз тұрғын тігінші мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқуға жолданған. Жыл соңында олардың барлығы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Ал enbek.kz платформасында 130 адам онлайн оқып, сертификаттарын қолдарына алған. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша былтыр 690 адам бизнес бойынша білімін жетілдіріп, қолдарына сертификаттары табысталған.

Айта кетейік, 2022 жылдың 8 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын құру бойынша берілген тапсырма берген болаын. Осы тапсырмаға сәйкес  Шардара ауданында 898 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, 12 айда 1187 жұмыс орны ашылды.

Электронды еңбек биржасы арқылы Ұлттық жобалар шеңберінде ауданда бекітілген 23 жобада 219 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 132 жұмыссыз жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.

Жалпы былтыр Шардара ауданы бойынша жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған 2,5 пайыздық шағын несиені 33 азаматқа беру жоспарланған болса, нәтижесінде 21 жастың бизнес жобалары мақұлданып, қаржылары аударылған.

Ал жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантты 78 азаматқа беру жоспарланған. Жыл қорытындысымен үш лек бойынша 78 азамат грантқа ие болды.

Әлеуметтік жұмыс орындарына былтыр 198 азамат жолданды. Жастар практикасына 2023 жылы 60 жұмыс берушінің өтініміне сәйкес 413 жас маман, ал қоғамдық жұмыстарға 2023 жылы 41 жұмыс берушінің өтініміне сәйкес 729 жұмыссыз азамат жолданды. 2023 жылы 27 жұмыс берушіге 76 адам алғаш рет жұмысқа жолдама алған. 

«Күміс жас» жобасына былтыр өтініміне сәйкес 30 азамат жолдама алған. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша бос жұмыс орындарына 2028 адам жұмысқа жолданған. 

Жалпы Түркістан облысында былтыр жұмыссыздық деңгейі 5 %-ға төмендеді. 2023 жылы 129,5 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып, нақты 160,5 мың адам жұмыспен қамтылды.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға