Түркістан облысында жібек өндірісі жанданады

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының басшылығымен өткен жиында өңірде бағалы матаның өндіріс көлемін өсіру мақсатында жол картасы бекітілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жол картасының негізігі бағыты – 2029 жылға дейін 10 мың гектар аумаққа тұт ағаштарын отырғызу. Тұт көшеті – облыстың табиғатына икемделген өсіруге қолайлы ағаш түрі. Сонымен қатар, 2029 жылға қарай 100 миллион тұт көшеті мен 500 мың жәшік жібек құртының ұрығын өсіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жібек жіп өндірісінің көлемін 2,8 мың тоннаға жеткізу көзделген, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, жібек жіптері – жібек құртынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – облыс экономикасын әрі қарай дамытуға мол септігін тигізеді. Мамандардың пікірінше, жібек жібін өндіру – қажырлы еңбекті қажет ететіндіктен бағасы да қымбат.
