Жаңалықтар

Түркістан облысында жедел уәкілдер бірқатар қылмыстың бетін ашты

Түркістан облысында жедел уәкілдер бірқатар қылмыстың бетін ашты
Фото: Түркістан облыстық Полиция департаменті 03.10.2024 19:34 531

Түркістан облысында жедел уәкілдер бірқатар қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың ізін суытпай ашты. Жедел-профилактикалық және жедел іздестіру іс-шаралары кезінде насыбай өндіретін шағын цех пен 3 дана станок және 15 тонна шикізат, ұрланған ірі қара, "Hyundai" автокөлігі, 28 дана мефедрон,3 арнайы жүк көлігі, 9 келіге жуық марихуана, тапанша мен 15 оқ-дәрі тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов жедел қызметкерлердің таяу арада атқарған жұмыстардың нәтижелері туралы айтып берді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері Келес ауданында мал ұрлығымен айналысқан адамдар тобының қызметін тоқтатты. Күдікті үш жергілікті тұрғын мен сатып алушы ұсталды. Олардың мал ұрлығының 3 фактісіне қатысы бар екені белгілі болды. Барымташылардан ірі қара мен "Hyundai" маркалы автокөлік тәркіленді. Күдіктілер қамауда. Ал ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Сайрам ауданында жергілікті тұрғынды ұстады, оның үйінен "насыбай" өндіретін цех анықталды. Тінту кезінде полицейлер "насыбай" өндіруге арналған 15 тонна шикізат, дайын темекі заты бар 40 қап және 3 қолдан жасалған станок тәркіледі,-деді департамент бастығының орынбасары. 

Сонымен қатар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Сауран ауданында қиыршық тасты заңсыз өндірумен айналысатын адамдар тобын құрықтады. Құқық бұзушылардан жүк тиегіш пен екі жүк көлігі тәркіленді, олар айыппұл тұрағына орналастырылды. 

Ал есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түркістан қаласында "синтетикалық есірткілерді" сақтау мен өткізу фактісінің жолын кесті. Жедел уәкілдер күдікті ретінде Алматы қаласының тұрғынын ұстап, 3 есірткі орамасын тапты. Сондай-ақ, күдіктінің жасырып кеткен 25 дана есірткілері де дер кезінде анықталған. Адам денсаулығына қауіп төндіретін аса зиян синтетикалық препараттың жалпы салмағы шамамен 50 грамм "мефедрон" болып шықты.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқарма қызметкерлері Ордабасы ауданында ірі көлемде есірткі заттарын сақтаған күдіктіні ұстады. Оны тінту кезінде жедел уәкілдер жалпы салмағы 9 келіге жуық "марихуананы" тәркіледі. Сонымен қатар осы басқарма қызметкерлері тінту кезінде Түлкібас ауданының тұрғынынан тапанша мен 15 оқ-дәрі табылды.

Қазіргі уақытта барлық фактілер бойынша полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Түркістан облысының аумағында полициямен қылмыстарды ашу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда,- деді Құрманбек Сахов. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға