Түркістан облысында жазғы лагерьлердің дайындығын пысықтау басталды
Түркістан облысы аумағында орналасқан жазғы сауықтыру лагерьлерінің дайындығын пысықтау басталды. Осы мақсатта аймақ басшысының орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бірқатар лагерьді аралап, олардың қазіргі жай-күйімен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің мәліметінше, лагерьлердің инфрақұрылымы және балаларға көрсетілетін қызмет сапасы зерделенді. Жауапты тұлғаларға тиісті шараларды қолға алып, өткен жылы анықталған кемшіліктерді қайталамау туралы нақты тапсырмалар берілді.
Әкім орынбасары алдымен Ордабасы аудандық білім бөлімінің теңгеріміндегі «Қараспан» лагерінде болды. Жекеменшікке сатылған нысан сот шешімімен мемлекетке қайтарылды. 2017 жылдан бері жұмысы тоқтап тұрғандықтан Бейсенбай Тәжібаев нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керегін айтты. Ол үшін 500 млн теңге қаражат қажет. Құрылыстыосы жылы жазғы маусымға дейін аяқтап, балаларды қабылдау жоспарлануда. Осы жұмыстар сәтті іске асырылса, әр ауысымда 300-ден астам бала тыныға алады. Оған қажет барлық шараларды тиісті деңгейде іске асырып, дайындауды міндеттеді.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Түлкібас ауданы, Келте Машат ауылында орналасқан екі нысанға барды. Сондай-ақ Отырар аудандық білім бөліміне қарасты «Отырар» және облыстық білім басқармасының теңгеріміндегі «Самал» лагерьлерінің жұмыстарын қадағалады. Бұл нысандарда сауықтырудан өтетін балалардың санын мүмкіндігінше көбейтуді және барлық жағдайлармен қамтуды ескертті. Бұдан өзге «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аталған ғимараттардың аумақтарында тұрақты түрде сенбілік ұйымдастыруды тапсырды.
Былтыр дайындыққа көктемде кіріскен едік. Биыл көктемді күтпей, қателіктердің алдын алу үшін пысықтауға ертерек қамданамыз. Ғимараттардың инфрақұрылымы, жатын орындардың ахуалы, асхананың санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестігіне үнемі назар аударылып, мониторингті тоқтатпау керек. Балалардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары және медициналық пункттер тексеріледі. Жазғы лагерьлер – балалардың демалысын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастырудың басты бағыттарының бірі. Мұнда тек ойын-сауықпен шектелмей, оқушылардың шығармашылық, спорттық және интеллектуалдық дамуына ықпал етуге тиіс. Өмірлік қиын жағдайға тап болған және көпбалалы отбасылардың балаларын қабылдауға басымдық беріңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетсек, алдағы уақытта Түркістан облысы аумағындағы 21 жекеменшік және 9 мемлекеттік лагерьдің жағдайы тұрақты қадағаланатын болады.