Жаңалықтар

Түркістан облысында қоқыс полигоны өртеніп, ауылды көк түтін басты

Түркістан облысында қоқыс полигоны өртеніп, ауылды көк түтін басты
Фото: Бейнежазбадан скриншот 27.05.2023 16:27 799

Мақтаарал ауданында қоқыс полигоны өртеніп, ауылды көк түтін басты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚазАқпараттың жазуынша, әлеуметтік желіде Мақтаарал ауданындағы қоқыс полигонының өртеніп жатқаны жайында видео тараған. Соның салдарынан жақын маңдағы ауылдардың ішін көк түтін басып, өңірге жағымсыз иіс тарап отыр. Әлеуметтік желі арқылы наразылықтарын жеткізген тұрғындар «өртеніп жатқан қоқыстарды өшіруге тырысып жатқан адам жоқ» екенін атаған. 

Міне, бүгін 3-ші күн болды қоқыстың түтініне уланып жатырмыз. Ауылдың іші көк түтін, - дейді бейнежазба авторы Сүндет Манапбек.

Аталған жағдайға байланысты пікір білдірген Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі өрттің 25 мамыр күні сөндірілгендігін мәлімдеді. 

Жалпы 25-мамыр күні сағат 11:35 шамасында Мақтаарал ауданы Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан қоқыс полигонында өрт шыққаны туралы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне хабар түскен. 2 өрт сөндіру көлігі, 4 техника және 15 шақты жеке құрам өрт сөндіруге жұмылдырылып, кешкі 21:00 шамасында өшірілді. Негізі ауа-райының қолайсыздығынан (желді болуынан) өрт кең таралып, үлкен қиындықтар туғызды, - деп жазылған аудан әкімдігі таратқан деректе. 

Өңір тұрғындарының айтуынша бүгінде өрт сөндірілгенмен, түтіні әлі толық басылмаған. Соның салдарынан мақтааралдықтар қоқыс түтіннен құтыла алмай отырған көрінеді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға