Түркістан облысында қар құрсауынан 27 адам құтқарылды
3 қаңтарда «112» қызметіне Төлеби ауданының Көксәйек ауылынан 7 шақырым жерде жолаушылары 7 жеңіл автомобиль қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
ТЖ орнына келген құтқарушылар 7 жеңіл автокөлікті сүйреп шығарды. Көліктегі 14 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарып, Көксәйек ауылындағы №16 өрт сөндіру бекетіне жеткізді. Құтқарылғандар медициналық көмекке мұқтаж емес. Авариялық-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 10 қызметкер мен 1 бірлік техника, Түркістан облысы полиция департаментінен 8 қызметкер мен 2 бірлік техника жұмылдырылды.
Сол күні құтқарушылар Созақ ауданының Шолаққорған ауылынан 25 км жердегі аудандық маңызы бар «Шолаққорған-Түркістан» тас жолында 13 адам, оның ішінде 1 бала құтқарды. Авариялық-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 11 қызметкер мен 2 бірлік техника жұмылдырылды.
Түркістан облысының ТЖД азаматтарға ауа райының өзгеруін бақылауға кеңес береді.