Түркістан облысында офицер мүгедектігі бар жігітті өлтірді деп айыпталды

Түркістан облысында 19 жастағы Жасұлан Әбдіманаптың қатыгездікпен өлтірілгені қоғамды дүр сілкіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол 20 ақпанда үйінен моншаға шығып кетіп, қайта оралмаған. Екі күннен кейін оның азапталған денесі адам аяғы баспайтын далада табылды. Марқұмның туыстары бұл қылмысқа өз ауылдастарының қатысы бар екенін айтады.
Жасұланның анасы Райхан Жамалова ұлын жоқтап отырғанына он күннен асты. Сол күні Жасұлан көрші үйдің моншасына баратынын айтып кеткен, бірақ одан кейін байланыс үзілген. Жақындары бірден іздеуге кірісіп, полицияға хабар берген. Екі күндік іздеуден кейін жігіттің денесі далада, 14 жерінен пышақталған күйде табылды.
Марқұмның туыстары оның өліміне өз ауылдастарының қатысы барын және қарызға алынған несиенің себеп болуы мүмкін екенін айтады. Олардың айтуынша, Жасұлан мейірімділігімен танымал болған. Өзінен үлкен ауылдастары анасының ауырып жатқанын айтып, оны несие алуға көндірген.
Балам олар үшін кредит алып берген. Бірақ қарызды қайтару мәселесі туындағанда, оны аяусыз өлтірді. Ол бізге намыстанып, ештеңе айтпаған. Ал олар оның өмірін қиды, – дейді анасы.
Қазіргі уақытта бұл қылмысқа күдікті ретінде бір әскери қызметкер қамауға алынды. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша тергелуде. Тергеу соты күдіктіні екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды.
Райхан Жамалова ұлын өлтіргендердің ешқайсысы жазадан құтылмауы керек екенін айтып, әділдік талап етуде. Менің ұлымды азаптап өлтіргендер заң алдында толық жауап беруі тиіс. Әділ тергеу жүргізіліп, барлық кінәлілер жазасын алсын! – дейді қайғы жұтқан ана.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әділдік іздеген азаматтардың жанайқайына айналды.
