Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі жігітті зорлау ісі: жаңа деректер шықты

Түркістан облысында 24 жастағы мүмкіндігі шектеулі жігітті өз туыстары бірнеше жыл бойы зорлады деген оқиғаға қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Halyqstan Telegram арнасының мәліметінше, күдіктілердің алтауының екеуі кәмелетке толмаған, бірақ олар ресми түрде күдікті деп танылмаған.
Келес ауданындағы шағын ауылда тұратын жәбірленуші жалғызбасты ананың төрт баласының бірі. Анасы ақпан айында үйден ақша жоғалғанын байқап, ұлына сұрақ қойған кезде жылдар бойы зорлық көргенін бір-ақ білген. Оның айтуынша, күдіктілердің бірі үйге келіп, ақша ұрлап кеткен, сол кезде ұлы басынан өткен қорлықты баяндаған.
Күдіктілердің үшеуі ағайынды, ең үлкені 27 жаста, ең кішісі 14-те. Жәбірленуші бала кезінен оларды таниды, сондықтан қылмыс ұзақ жылдар бойы жалғасқан. Оның психикалық жағдайына қарамастан, ол болған оқиғаны егжей-тегжейлі айтып берген, алайда нақты күндерін есіне түсіре алмаған. Қазіргі уақытта бірнеше сараптама тағайындалған, тергеу жалғасып жатыр.
Іс аудандық полициядан Түркістан облыстық полиция департаментіне тапсырылды. Полиция департаменті бұл жағдай ІІМ бақылауында екенін мәлімдеді. Ал жәбірленушінің анасы ұлына қауіп төнеді деп қорқып, оны үйде жалғыз қалдырмай, жұмысына бірге ертіп жүруге мәжбүр. Сонымен қатар, отбасыға туыстары тарапынан қысым жасалып жатқаны да белгілі болды.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, көпшілік әділ тергеу жүргізуді талап етуде.
