Жаңалықтар

Түркістан облысында мақта өңдеу зауыты іске қосылады

Бұл туралы облыс әкімдігі мәлім етті
Түркістан облысында мақта өңдеу зауыты іске қосылады
Фото: farmers.kz 23.02.2023 14:56 1606

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Өзбекстанның «Global Textile Group» компаниясы тобының жетекшісі Музаффар Разаковты қабылдады. Кездесу барысында Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамыту, мақта шитінің сапасын арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңір басшысы бұл салада екіжақты әріптестіктің екі тарапқа да пайдасы мол екенін атап өтті.

– Жуырда инвестициялық штаб отырысында да байланысқа шығып, әріптестік байланыстар бойынша кеңескен болатынбыз. Келісім бар. Енді нақты жұмысты бастау керек. Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді. 2022 жылы облыста 126,3 мың гектар мақта егіліп, орташа өнімділігі 28,6 центнерді құрады. 361,8 мың тонна өнім жиналды. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 100 мың тонна мақта талшығын өндіруге мүмкіндік бар. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15% -ы ғана терең өңделеді. Осы көрсеткішті ұлғайтуымыз керек. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда біздің болашағымыз зор деп санаймын, – деді Дархан Сатыбалды.

Өзбекстандық инвестор Музаффар Разаков та келісім бойынша жұмыс жүргізетінін, биыл нақты жоба қолға алынатынын жеткізді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігі мен инвестор арасында бірлескен жұмыстар атқару бойынша Жол картасы әзірленген. Соған сәйкес, биыл Мақтаарал ауданындағы шаруалармен келісімшарт жасалып, 10 мың гектарға мақта егіледі. Ол үшін Өзбекстаннан жоғары сапалы 300 тонна мақта тұқымы жеткізілмек.

Жоғары сапалы мақта шығатын болса, Жол картасындағы жоспар бойынша келесі жылы мақта егу жұмысы 20 мың, одан кейін 30 мың, 40 мың, 2026 жылы 50 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Оны мақтааралдық шаруалардан «Global Textile Group» компаниясы жоғары бағада сатып алады. Ал Жол картасының екінші және бесінші кезеңдері аралығында тиісті инфрақұрылымы бар мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб жасақталады, мақта кластері дамиды. Тиісті учаске беріліп, инфрақұрылым әзірленген соң 2026 жылы Мақтаарал ауданында Мақта өңдеу зауыты мен Тігін мата фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға