Жаңалықтар

Түркістан облысында мал ұрлығы тыйылмай тұр

Түркістан облысында мал ұрлығы тыйылмай тұр
Фото: © Polisia.kz 24.08.2023 09:44 1505

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығының 8 фактісіне қатысы бар күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Түркістан облысы ПД полиция қызметкерлері “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы аумағында мал ұрлығымен айналысқан адамдар тобының қылмыстық әрекетін тоқтатты. 

Нақтырақ айтсақ, криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мал ұрлығын ашуға, күдіктілерді ұстауға бағытталған арнайы шаралар кешенін жүзеге асырды. Жедел уәкілдер қабылданған шаралардың нәтижесінде ірі қара малды ұрлаумен айналысқан Қазығұрт ауданының екі тұрғынынан тұратын адамдар тобын ұстады. 

Анықталғандай, күдіктілер қылмыстық әрекеттерді алдын ала жоспарлап, жайылымдарда адамдардың жоқтығына көз жеткізіп, малдарды ұрлап, ГАЗель көлігіне тиеген. Содан кейін ұрланған малдарды Сайрам, Сарыағаш ауданы және Тараз қаласының мал базарларында сатқан. Мал ұрылары қылмыстық жолмен тапқан пайдаларын өзара бөліскен.  

Полицейлер күдіктілердің Қазығұрт ауданында жасалған мал ұрлығының 8 фактісіне қатысы барын дәлелдеді. Заттай дәлелдемелер ретінде ГАЗель автокөлігі мен 3 бас мал тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, ұсталған адамдардың Түркістан облысының аумағында жасалған басқа да осындай қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға