Жаңалықтар

Түркістан облысында ер адам балаларын ұрлық жасауға итермелеген

Түркістан облысында ер адам балаларын ұрлық жасауға итермелеген
Фото: gov.kz 05.03.2024 16:25 900

Түркістан облысында ер кісі өз балаларын ұрлық жасауға мәжбүрлеген, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы балалардың анасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облыстық өкілімен кездесу кезінде айтқан.

Бес балалы ананың айтуынша, өзі және балалары жүйелі түрде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп келеді. Тиран әкенің салдарынан балалары үнемі бір бөлмеге тығылып отыруға мәжбүр. Сонымен қатар күйеуі банк картасын пайдалануға рұқсат бермейді. Отағасы барлық табысын ішімдікке жұмсап, балаларын ұрлық жасауға мәжбүрлейді екен.

Қазіргі уақытта әйел мен оның балалары «Көмек» дағдарыс орталығына орналастырылды.

Уәкіл өкілі аудан мен ауыл әкімдіктері, полиция, Жетісай аудандық білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызметкерлерінің қатысуымен кеңес өткізді. Жиын барысында қатысушыларға нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар тұрғындардың кез келген проблемасына бейжай қарамауға шақырды,- делінген омбудсменнің баспасөз қызметінің мәліметінше.

Шенеуніктердің немқұрайлы көзқарасы мен алдын алу шараларының болмауы көпбалалы отбасының қазіргі жағдайына себеп болған.

Омбудсменнің Түркістан облысы бойынша өкілі құқық бұзушылықтар үшін лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде құзырлы органдарға ұсыныс жолдаған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға