Түркістан облысында браконьерлерден мың метрден астам «қытай торы» тәркіленді

Түркістан облысында браконьерлерден мың метрден астам «қытай торы» тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Браконьерліктің алдын алу, болған қылмыстарды анықтау бағытында Шардара ауданында 2 тәулік бойы рейд жүргізілді. Онда Түркістан облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау инспекторлары, Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, прокуратура, Арал – Сырдария бассейндік балық инспекциясы мен Балық су қорғау инспекторлары бірлесіп, тексеру жүргізді. Нәтижесінде жұмысшы топпен 1 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Нақтырақ айтсақ, Шардара су қоймасының бойынан 25 жастағы тұрғын рұқсат етілмеген ау-торымен заңсыз балық аулап жүрген жерінен анықталды.
Тексеру кезінде жас жігіттен 103 келі балық алынды. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу) бойынша тергеу жүргізілуде. Жалпы браконьерлерден 115 келі балық, 3 дана үрмелі қайық, 1265 метр «қытай торы» тәркіленді. Одан бөлек Шардара су қоймасында қалып қойған 6 мың метрге жуық «қытай торлары» табылып, тазартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар тәртіп сақшыларымен жалғаса береді.
