Түркістан облысында алтын сатпақ болған әйел жоғалып кетті
Түркістан облысында үш күннен бері 38 жастағы әйел іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғалған Г.Нарджигитованың туыстарынан сұрау барысында оның құны 1 миллион теңгеден асатын алтын бұйымдарды сатуға шыққаны анықталды. Содан әйелдің бір тәуліктен астам хабар-ошарсыз жоғалғаны күмән туғызды. Сотқа дейінгі тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
Жоғалған әйелді іздеу шараларына облыс полицейлері жұмылдырылды. Оның ішінде Мақтаарал АПБ-ның барша жеке құрамы, көрші полиция бөлімдерінің қызметкерлері мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жеке құрамы бар, - делінген мәліметте.
Айта кетейік, Мақтаарал аудандық ПБ-ге жергілікті тұрғын, 1985 жылы туған Гүлсім Нарджигитованың жоғалғаны туралы хабарлама 1 тамыз күні түсті. 31 шілде сағат 11:00 шамасында үйінен Дихан ауылына шығып, содан қайтып оралмаған. Факт полиция бөліміне тіркелді.
Егер сізде жоғалған 1985 ж.т. Гүлсім Нарджигитова туралы қандай да бір ақпарат болса, Мақтаарал АПБ-ға 8-725-41-21-2-02, 8-747-541-62-56 немесе 102 телефондары бойынша хабар беруіңізді сұраймыз.
Бұл факт Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында.