Жаңалықтар

Түркістан облысында 280 жұмысшының жалақы қарызы өндірілді

Түркістан облысында 280 жұмысшының жалақы қарызы өндірілді
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 14.08.2024 08:44 479

2024 жылдың 6 айында облыста 4 кәсіпорынның 358 қызметкері алдында 102,2 млн теңге жалақы қарызы  анықталған. Жұмыс берушілерге нұсқамалар беру арқылы оның 84,8 млн теңгесі өндіріліп, 280 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының бақылау жөнінде басқарма басшысының орынбасары Берік Ибадуллаев мәлімдеді. 

Спикердің айтуынша, биыл басқармаға жарты жылда азаматтардан келіп түскен 683  арыз-шағым қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілген.

Арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарға 134 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 242 заң бұзушылық анықталды. Анықталған еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 23,6 млн теңге көлемінде 776 хаттама толтырылып, айыппұл салынды,-деді басқарма басшысының орынбасары. 

Бұдан бөлек алты айда жұмыс барысында жарақат алу бойынша 23 жағдай орын алып, 7 адам қаза тапқан.

Жазатайым оқиғалардың орын алуына байланысты 22 іс-құжат жергілікті құқық-қорғау органдарына жолданды. Сонымен қатар 2024 жылы облыс аумағында ешқандай да еңбек дауы орын алмады. Алайда әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін болған 157 кәсіпорын анықталып, олармен белгіленген жоспар негізінде жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындарға тұрақты түрде облыстық еңбек инспекторлары мониторинг жұмыстарын жүргізуде-деді Берік Ибадуллаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға