Жаңалықтар

Түркістан облысында 160 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған

Түркістан облысында 160 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі 19.01.2024 04:20 679

Түркістан облысында атқарылған жұмыстар нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5 %-ға төмендеген. 2023 жылы жалпы 129,5 мың адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау жоспарланып, нақты 160,5 мың адам жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігіне сілтеме жасап. 

Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаты 5 бағытта жүргізілуде.

Осы және халықтық жұмыспен қамту саласындағы өзекті мәселелер мен жұмыспен қамту саласындағы өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылғы міндеттер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды.

Жиналыста облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Құралова баяндама жасады. Оның айтуынша, 2024 жылы жастарға 3,1 млрд.теңгеге шағын несие беру көзделуде. Бүгінгі таңда ҚР Қаржы мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерімен облыс арасында үш жақты келісімшарт түзіліп жатыр. Биыл шағын несие алушылар бизнес-жоспарларын өндіріс орындарын ашу бағытына назар аударылмақ.

Сонымен қатар өткен жылы жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 2,3 млрд. теңге қаржы қаралып, облыс көлемінде 1 688 азаматқа мемлекеттік грант қаражаты ұсынылды. Грант иегерлері қаражаттарын өндіріс саласы, техникалық қызмет көрсету, мал, құс қаруашылығы, көкөніс өнімдері, қол өнер бұйымдары, тамақ өндірісі салаларына бағыттап, өз кәсіптерін ашты. Ал биыл 2 мыңға жуық азаматқа мемлекеттік грант қаражатын ұсыну жоспарланып отыр. Биыл пилоттық жоба аясында Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай аудандары мен Арыс, Түркістан қалалары ендіріліп, балық шаруашылығы, құс шаруашылығы, көкөніс өсіру мен қолөнер өнімдерін өндіру бағытында бірігіп өз кәсіптерін ашу көзделуде.

Биыл облыс бойынша жеке инвесторлар есебінен 64 жоба (аясында 668 жаңа жұмыс орны ашылуы көзделуде. Нәтижесінде, мемлекеттен қаржыландырылатын жобалар аясында 66 179 жұмыс орны немесе 62 пайызы үлесінде. Жеке инвест жобалар, несиелендіру және жеке кәсіпкер тарапынан ашылатын жұмыс орындар 41 115 орынды немесе 38 пайызды құрайды. Оның барлығы тұрақты жұмыс орындары.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тарапынан халықты жұмыспен қамту, жастарды шағын несиелеу жұмыстарын ұйымдастыру, аз қамтамасыз етілген азаматтарға әлеуметтік жағынан қолдау көрсету, мүгедектігі бар адамдардың арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуы және де саладағы өзге де мәселелерді шешу жөнінде тапсырмалар берілді.

Солтүстік өңірлерге халықты қоныс аудару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан облысынан жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 3 563 отбасы 10 570 адам қоныс аударды. Биыл жұмыс күші артық өңірлерден Солтүстікке қоныс аударуға ниетті азаматтар үшін 7 мыңнан астам квота бөлініп отыр.

Облыста 2023 жылы 157,7 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алды. Өткен жылдың қорытындысымен облыста 27 мың аз қамтылған отбасыларға 12,1 млрд.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Биыл 15,2 млрд. теңгеге АӘК-мен қамтамасыз ету жоспарланып, оның 12,2 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді.

Отырыста мемлекеттен көмекті заңсыз жолмен алушылардың да азаймай отырғаны айтылды. Оларды анықтау мақсатында құзырлы органдармен арнайы шаралар жүргізілетін болады.

Бүгінгі таңда 1 мыңға жуық мүгедектігі бар адамдарға бес мезгіл тамақтандыру жүргізілуде. Одан бөлек, жекеше әріптеспен тамақтандырудың барлық кезендерін бақылауға мүмкіндік беретін авторлық құқық зияткерлік меншік «Е-асхана» онлайн бейнебақылау бағдарламасы іске қосылған.

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға