Жаңалықтар

Түркістан облысы Цифрландыру басқармасының лауазымды басшылары сотталды

Түркістан облысы Цифрландыру басқармасының лауазымды басшылары сотталды
Фото: Видеодан кадр 18.06.2024 10:03 499

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Түркістан облысы Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы М. Мырзасейітовке, осы басқарманың бөлім басшысы А. Жолсейітовке және кәсіпкер Э. Исаковқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың шілдесіне дейінгі кезеңде мемлекеттік органдарды ақпараттандыру және цифрландыру жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жасасқаны, олар бойынша атқарылған жұмыстардың актісіне қол қою үшін жалпы сомасы 14,6 млн теңгені құрайтын бірнеше рет пара алғаны және бергені үшін, сонымен қатар Жолсейітов бұдан басқа - пара беруге және алаяқтық жасауға итермелегені үшін кінәлі деп танылды.

Жолсейітов Төлеби ауданының Цифрландыру бөлімінің басшысы лауазымына ауысқаннан кейін осындай әрекеттерді орындағаны үшін жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға беру сылтауымен Исаковтың 903 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды.

Аталған үкіммен Отырар ауданы әкімі аппаратының басшысы А. Мәулен конкурстың жеңімпазын анықтағаны және ауданның ауылдық округтеріне IT-қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасағаны үшін Исаковтан 5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен Мырзасейітовке 8 жыл, Ысқақовқа - 7 жыл, Жолсейітовке - 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен бірге аталған адамдар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Сот Мәуленнің өліміне байланысты оған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты.

Үкімді жариялау облыстық Цифрландыру басқармасы ұжымының қатысуымен өтті.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға