Жаңалықтар

Түркістан облыстық ПД бастығы: «Біздің облыс - еліміз бойынша қылмыс саны ең аз өңір»

Түркістан облыстық ПД бастығы: «Біздің облыс - еліміз бойынша қылмыс саны ең аз өңір»
Фото: Түркістан облыстық Полиция департаменті 14.04.2024 15:20 26217

Полицияның міндеті – халықтың қорғаны болу. Қылмысты дер кезінде ашып, оның алдын алу бойынша үздіксіз қызмет ету. Бұл міндеттерді тәртіп сақшылары қаншалықты деңгейде мінсіз атқарып жүр? Қылмыспен күрес шаралары қалай жүргізілуде? Соңғы кезде жиі тіркеліп отырған алаяқтық фактілерінен сақтану үшін нені білген абзал? El.kz тілшісі осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Мұрат Қабденовпен сұхбаттасты. 

El.kz: Мұрат Талапұлы, Түркістан облысының бас полицейі қызметіне кіріскеніңізге екі жылдан асты. Осы ретте сұхбатымызды өңірдегі криминогендік статистикадан бастасақ. Облыста қандай қылмыс түрлері азайды? Қандай факторлар әлі де өршіп тұр? Қылмыс саны бойынша қай аудан немесе қала көш бастап отыр?

Мұрат Қабденов: Біздің мақсатымыз – халықпен тығыз байланыс жасап, қылмыспен күрес, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. 2023 жылдың 12 айындағы қылмыстарға қатысты статистикаға қысқаша тоқталсам, Түркістан облысында криминогендік жағдай тұрақты. Республика бойынша қылмыс саны ең аз аймақ болып саналады.  Оған дәлел, республика көлемінде 10 000 адамға шаққанда орташа қылмыс саны 80 болса, біздің облыста небәрі  26-ны құрап отыр. Тіркелген қылмыстар саны – 8,9 пайызға төмендеді, яғни 5 572-ден 5 074-ке (498 қылмысқа азайған). Атап айтқанда, оның ішінде кісі өлтіру қылмыстары - 5 %-ға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру - 11 %-ға, зорлау - 7,7 %-ға, бұзақылық – 22 %-ға, қарақшылық шабуыл - 50 %-ға, тонау - 18 %-ға, ұрлық – 34 %-ға, алаяқтық - 5,5 %-ға кеміп отыр. Жалпы тіркелген қылмыстардың басым бөлігі мүліктік қылмыстар, үлес салмағы - 47,5 пайызды құрайды (2414). Оның ішінде алаяқтық – 28,5 пайыз (1450 қылмыс); интернет - алаяқтық – 11,1 пайыз (567 қылмыс); ұрлық – 18,1 пайыз (920 қылмыс). Аталған қылмыстардың алдын алу бағытында кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Өздеріңіз көріп отырсыздар, соңғы кезде алаяқтық, оның ішінде интернет-алаяқтық қылмыстары кеңінен орын алуда.

Жоғарыда атап өткенімдей, республика бойынша қылмысы ең аз өңір - Түркістан облысы. Ал облысқа қарасты 17 қала мен ауданды саралайтын болсақ, барлық ауданда қылмыс саны төмендеген. Десе де басқа аудандарға қарағанда Сарыағаш ауданында жиі тіркеледі. Оның себебі ауданда халық санының көптігі мен шекаралық аумақта орналасуы. Сарыағашта алаяқтық, есірткі, жалған құжат жасау бойынша қылмыстар жиі тіркеледі. Есірткі қылмысының тіркелуі шекара аумағынан өзге ұлт өкілдерінің есірткіні алып өтуімен байланысты. Яғни, есірткі контрабандасы. Біз бұл бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірге алдын алу мен жолын кесу шараларын үнемі атқарып келеміз. Шекарадан есірткіні тығып алып өтпекші болған әрбір факті тіркеліп, полициямен тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Ал алаяқтық қылмысы бүгінде аса өзекті мәселе қатарында. Мәселен, тұрғындар көп жағдайда жер, кәсіпкерлік бойынша мемлекеттен қомақты ашқа аламыз деп алданып жатады. Сонымен қатар мал шаруашылығы, жұмысқа орнналастыру бойынша да сан соғып қалатындар бар. Жалпы алаяқтық қылмысы өкінішке орай өңірде өскен. Есесіне бұл қылмыс түрінің ашылуы да жоғарылаған. Қылмыстың кез келген түрі  Түркістан облыстық Полиция департаментінің жіті назарында.   

El.kz: Өзіңіз айтып өткендей, Түркістан облысы қылмыс ең аз жасалатын өңір саналады. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, соңғы 6 жылда облыста қылмыстың төмендеуінің тұрақты үрдісі байқалған. Мәселен, 2018 жылы 11 мың қылмыс тіркелсе, былтыр қыркүйектегі жағдай бойынша қылмыс саны 4324-ке дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 9,3% азайған. Ең қызығы, парадокс десек те болатын шығар, қылмыс азайғанымен резонанс тудыратын қылмыстар облыста жиі орын алып жатады. Анализ жасап көрдіңіз бе? Себебі неде?

Мұрат Қабденов: Полиция қылмыс пен құқық бұзушылықтарды анықтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысады. Оған қоса қылмыстарды жасаған қылмыскерлерді анықтап, заң аясында шарасы көрілу үшін іс-құжаттарды жинақтайды. Қылмыстар орын алса, біз оны мынау резонанс, мынау резонанс емес деп бөліп жармаймыз. Себебі заңда талап қалай жазылған, сол бойынша міндетті түрде қылмыс ашылып, қылмыскер заң алдында жауап беруі тиіс.

Біз «сервистік модель» деп 2019 жылдан бері айтып, қаншама жобаларды жасап, іске асырудамыз. Сервистік модель - қылмыс орын алса немесе орын алуына тосқауыл болып, алдын алу шараларын қоғаммен бірлесе, құзырлы органдармен бірге шешу жолдарын қарау. Сервистік модель қылмыстарды болдырмауды көздейді. Барлық мемлекеттік құрылымдар мен қоғамның тиімді өзара іс-қимылы арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, халыққа дер кезінде көмек көрсету арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Біздің облыс сервистік модельдің пилоттық жобасына енді. Мен облысқа келгеннен соң бұл жобаны мықтап қолға алдық, себебі бастапқы кезде Түркістан қаласы ғана енген болатын. Кейіннен оң нәтижені байқап, бірден облыстағы барлық қала мен аудандарды кіргіздік. Мәселен, бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы көлік көп өтетін маңызды  қиылыстың бірін назарға алып, сол орынға бірден 4 бағдаршам орнатып, 4 жаяу жүргіншілер жолағын сыздырдық. Нәтижесінде бұл орында бірнеше жыл болды жол көлік оқиғасы орын алмады және жаяу жүргіншіні қағып кету фактісі де мүлде тіркелмеді. Мұның өзі сервистік модель аясындағы жұмыстардың жемісін көрсетеді. Тағы бір айтатын жобамыз қалта ұрлығы қылмысы жиі тіркелетін қоғамдық көліктерді саралап шықтық. Содан соң жаңа транспорттарды бөлдіріп, оған камералар қойдырдық. Нәтижесінде ұрлық қылмысы күрт төмендеп, қалта ұрлығы азайды. Келтіретін болсам, мұндай мысалдар өте көп. Осылай жүргізіліп жатқан жұмыстарды жұртшылыққа көрсету мен мекемелерді бірлесе сервистік модельді іске асыруға үндеу мақсатында ауқымды форум өткізген болатынбыз. Оған облыс әкімі қатысты. Жиында мен баяндама оқып, барша органдар мен мекемелерді бірге қауіпсіз қоғам құру мақсатында жұмыс жасауға шақырдым. Оны облыс әкімі де қолдады. Содан бері бұл бағытта жұмыс біріздендіріліп  атқарылуда. Тіпті сервистік модель бойынша тәжірибе бөлісу мақсатында департаментке Астанадан арнайы мамандарды шақырдым. Олар полиция қызметкерлерінің жұртқа жақын болу, қылмыстың алдын алу, яғни профилактиканы атқару бойынша дәріс алды. Сонымен қатар қылмыстарды жасаушыларды талдағанда құқықтық сауаттылықтың төмендігінен, заңды білмеуінен, сондай-ақ салдарын ойламаудың кесірінен, тұрмыстың төмендігінен қылмысқа баратыны белгілі болды. Бұл мақсатта бүгінгі таңда барынша БАҚ арқылы құқытық сауаттылықты арттыру мақсатында қандай қылмысқа қандай жаза қолданылады, оның салдары қандай және қылмысқа жол бермеудің маңыздылығы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Барлық басшылықтағы қызметкерлерге білім ошақтарына барып, жасөспірімдермен кездесіп, сұхбаттар жүргізу, лекциялар өту мен іс-шараларға қатыстыруды тапсырдым.

El.kz: Облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерін де жиі естіп жатамыз. Жақында Жетісайдағы оқиға туралы белгілі болды. Яғни, бес баланың әкесі үйінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетіп, тіпті балаларын қылмыс жасауға итермелейді екен. Балалардың анасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілінен көмек сұраған.  Бұл деректі полиция білмеген бе?

Мұрат Қабденов: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты жедел шаралар қабылдау, аталған қылмыс түрінің азаюы мақсатындағы жұмыстарды күшейту мен жазаны қатаңдату құзырлы органдарға тапсырылған болатын. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер еніп, ол заңды күшіне енді. Көп жағдайда жәбірленушілер денсаулығына қауіп төнгенде полициядан көмек сұрайды, бірақ арыз жазудан бас тартады. Ал полиция кеткен соң отбасындағы жанжал одан сайын  ушығып, көп жағдайда соңы ауыр зардаптарға әкеп соғып жатады. 1 шілдеден бастап тұрмыстық жанжал туралы полицияға хабарлама түссе болғаны, бірден тиісті шаралар қабылданады. Жәбірленушінің арызынсыз-ақ сараптамалар тағайындалып, құжаттар жинақталып, іс сотқа жолданады. Сотта құқық бұзушының жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі бар, бірақ тек бір рет қана татуласа алады. Яғни, отбасылық жанжал жасаушы бірінші рет сотта жәбірленушімен татуласса, бұл әрекеттері келесі қайталанғанда оларды татуластыруға соттың заң бойынша құқығы жоқ. Отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Қайта жасалған жағдайда – 10 тәулік қамауға алу, ұрып-соғу фактісі үшін – 10 тәулік қамауға алу, қайталанса – 20 тәулікке қамау көзделген. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін – 15 тәулік, ал қайталанса 25 тәулікке қамау жазасы бар. Отбасындағы зорлық-зомбылық - бұл қылмыс. Отбасылық кикілжің тудырғандар, әлсіздерге жәбір көрсеткендер заң алдында жауапкершілікке тартылады. Сондықтан баршаңызды жақындарыңызға әрқашан қорған болуға және отбасы шырқын ешқашан бұзбауға шақырамын.  Ал Жетісайдағы оқиғаға келсем, ол менің бақылауымда. Бұған дейін аталған отбасыдан полицияға ешқандай арыз түспеген. Бірақ учаскелік полиция инспекторлары ол отбасын біледі, себебі олар өз аумақтарындағы жағдайдан әрқашан хабардар болып, полицияның құзырына кірмейтін мәселелер болса, басқа да мекемелерге хабар береді. Тағы бір айта кететін жайт, негізі учаскелік полицей ол әйелдің үйіне барып, арыз шағым бар-жоғын тексергенде күйеуі өз әйелінің денсаулығында ақау барын айтқан. Оны дәрігерлер де растап отыр. Ал балаларын қылмысқа итермеледі деген уәж  шындыққа жанаспайды. Себебі ол балалардың үйден тысқары кетіп, ұрлық жасауға мүмкіншілігі жоқ. Көршілерінен, бірге ойын ойнайтын балалардың ата-аналарынан да сұрастыру жұмыстарын жүргізіп сөйлестік. Ер азамат пен балаларының тәртібі дұрыс, ондай жағдай орын алмаған және мүлде естіген де емеспіз деп жауап берді.

Әйел “күйеуіммен бірге тұрмаймын” деп бас тартқан соң оны басқа да органдармен бірге дағдарыс орталығына орналастырдық. Негізі отбасындағы зорлық-зомбылық бойынша бірінші кезекте полицияға хабарлау керек. Полиция шақырту бойынша барып, анық-қанығына көз жеткізіп, заң аясында шешім қабылдайды.

El.kz: Облыста «Ұят болады», «Шеттей баламен қайда барамын?» деп тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасырып қалатындар әлі де жиі кездеседі ме? Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жолында атқарылып отырған шараларға тоқталып өтіңізші...

Мұрат Қабденов: Иә, өкінішке орай біздің өңірде көп жағдайда ұят болады деп жасырып, әбден ушыққан кезде хабарлайды не болмаса әлеуметтік желіден естиміз. Онда да желіге оның көршісі немесе жақындары салып жібереді.

Кейде әйелдер қауымы іс сотқа барып тұрғанда «кешірдім» деп, сот арқылы заң аясында ажырасса да қайта бірге тұрып жатады. Себебі бір оқиғаларда татуласып, ер азамат дұрыс жолға түссе, енді бірінде әйел тарапынан мүмкіндік берейін деп шешеді. Бірақ қандай жағдай болса да бірінші кезекте ата-ана баланың жағдайын ойлауы керек. Ерлі-зайыптының кикілжіңінің кесірінен бала зардап шекпеуі тиіс. Баланың психикасына қатты әсер етсе, болашақта ол да көргенін қайталауы мүмкін. Осыны да естен шығармау керек. Негізі бұл зорлық-зомбылық тақырыбы өте маңызды және ауыр. Облысымызда зорлық-зомбылық қылмысы - 7,7 %-ға азайды.

El.kz: Ақпан айының басында Түркістан қаласында жалдамалы пәтерден екі баланың мәйіті табылған болатын. Бұл дерек қоғамдық резонанс тудырды. Күдікті ретінде балалардың анасы ұсталды. Бұл істі өзіңіз бақылауға алғаныңызды білеміз. Тергеу процесі қалай жүріп жатыр? Күдікті тек бір адам ба, әлде сыбайласы бар болып шықты ма?

Мұрат Қабденов: Оқиға белгілі болған соң полиция тарапынан күдікті ретінде балалардың анасы ұсталғанын ресми хабарлағанбыз. Қазіргі таңда ол әйел қамауда. Бұл іс бойынша күдікті жалғыз бір адам. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары Қылмыстық-процестік кодекстің  талаптарына сәйкес жан-жақты, объективті түрде жүргізілуде. Сонымен қатар іс бойынша барлық қажетті сот-сараптамалары тағайындалып, нәтижесімен заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады.

El.kz: Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы бірнеше ауыл ішімдіктен бас тартып, соңғы бірнеше жылда мүлдем қылмыс тіркелмегенінен хабардармыз. Бұл бастаманы өңірдің басқа аудандары қалай қабылдап жатыр?

Мұрат Қабденов: Иә, бұл процестің біздің облыста оң нәтижелер беріп жатқанын бірден байқауға болады. Себебі қылмыс азаюда, қылмыс болғанда да отбасында орын талатын тұрмыстық зорлық-зомбылық пен көшеде орын алатын қылмыстар. Қуантатыны қазір бұрынғыдай емес, қылмыстардың басым бөлігі спирттік ішімдіктің кесірінен орын алатынын халық та жақсы біледі. Жалпы «Арақсыз ауыл» жобасын дамыту бойынша біздің облыс республика бойынша көш бастап тұр. Ауыл халқының ішімдіктен бас тартып, қылмыстың орын алмауы алдымен құрметке лайық сол аумақтың тұрғындарының, содан соң ақсақалдарының, одан кейін барып полиция, әкімдік пен прокуратураның еңбегі деп білемін. Сонымен қатар ішімдіктен бас тарту үшін аумағындағы әрбір үйдің тыныс-тіршілігін білетін  учаскелік полицейлердің де еңбегі орасан. Себебі олар кәсіпкерлер, яғни дүкен иелері арасында ішімдік сатпау, оның салдары неге әкеліп соғатынын айтып  жеткізіп жүр. Халыққа есеп бергенде де осы тақырыпты бірінші қозғайды. Мәселен, Түркістан облысы Ордабасы ауданында соңғы 5 жылда қылмыс тіркелмеген ауылдар бар. Ол едімекендердегі адамдардың көзқарасы түзу, көкірегі ашық, білімді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете біледі. Ақсақалдардың айтқаны - оларға заң! Бір-бірін қатты құрметтейді. Полициямен бірге рейдке шығып, шақыртуларға барып, белсенділік танытады. Ауыл өміріне белсенді араласады. Әрине, ондай ауылдарды біз әрқашан мақтанышпен айтып, басқаларына үлгі етіп келеміз.

Қазіргі таңда, Ордабасы ауданының Жусансай, Ақ қойлы, Көлтөған, Төреарық, Елшібек батыр, Келес ауданында Шүкірай мен Мақташы, Қазығұрт ауданының Қызылсеңгір, Жетісай ауданының Алмалы және Мақтаарал ауданының Жеңіс пен Табысты елдімекендерінде, Отырар ауданында Қарғалы, Сауран ауданында Жүйнек, Шекербұлақ, Төлеби ауданында Алғабас, Оңтүстік және Диханкөл елдімекендері, Арыс ауданында Дермене, Теміржол, Орманды және 40-разъезд ауылдарында полиция мен тұрғындардың бастамасымен дүкендерде спирттік ішімдік сатылмайды. Нәтижесінде бұл ауылдарда құқықбұзушылықтар мүлдем орын алмаған. Сайрам ауданының Оразалиев пен Теспе елді мекендерінің халқы да осы бастаманы қолдап отыр. Жақында Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылы да қатарға қосылды. Жаз маусымы келемін дегенше тағы 4-5 ауылды «Арақсыз ауыл» жобасына қосу жоспарда тұр. Бүгінде ол ауылдардың тұрғындарымен және кәсіпкерлерімен полиция басшылары кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Спирттік ішімдіктің салдарын жеткізуде.

Аталған оң практиканы облысымыздың басқа да елдімекендерінде барынша тарату бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз.

El.kz: Келесі сұрақты алаяқтық фактілері туралы қойсам деймін. Соның ішінде интернет алаяқтары туралы статистикамен бөлісіңізші... Көбіне қандай қылмыс схемасы жиі тіркеліп жатады?

Мұрат Қабденов: Бізде жалпы қылмыс санының 28,5 пайызын алаяқтық (1450 қылмыс), 11,1 пайызын  интернет – алаяқтық (567 қылмыс) фактісі құрап отыр.

«Интернет-алаяқтық» қылмыстарына қарсы күресті оңтайландыру мақсатында Полиция департаментінде «CyberPol» (КИПЕРПОЛ) арнайы тобы құрылды. Онда білікті жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалисттер мен бірге ІТ мамандары жұмыс атқаруда.

Интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алудың басты шешімдерінің бірі – ол профилактикалық іс-шаралар. Осының аясында халық көп шоғырланатын орындарда, сауда-орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кинотеатрларда, мешіттерде және базарларда алаяқтық және қалта ұрлықтары бойынша ескертпе-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылды.

Қазіргі заман талабына сай әлеуметтік желілері арқылы халыққа түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр және мониторинг жұмыстары үздіксіз атқарылуда.

Халық арасындағы үлкен назарға ие тұлғалар, яғни блогер және өнер иелерінің қатысуымен ескертпе бейнероликтері жарыққа шығарылып, қалада орнатылған лэд-экрандарда көрсетілді.

Әкімдіктердің коммуналдық қызметтер түбіршегіне «Абайлаңыз - алаяқтар» тақырыбында ескертпе мәліметтер енгізіліп, халықты ақпараттандырудамыз.

Қазіргі таңда келесі интернет-алаяқтық қылмыс түрлері көбіне кездесуде:

- Банк немесе басқа орган қызметкері ретінде хабарласып сеніміне кіру;

- Ақшаны қолма-қол айналдыру;

- Инвестиция немесе ақша қаражатын көбейту;

- Тауарға немесе қызметке алдын ала төлеу;

- Мессенджерлер арқылы танысы ретінде қарызға ақша сұрау;

El.kz: Қалай ойлайсыз, қараша жұртшылықтың алаяқтардың құрбаны болуына не себеп? Оның алдын алуда нендей қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Мұрат Қабденов: Алаяқтықтың құрбаны болудың себептері - басты қауіпсіздік шаралары қабылданбайтындығы. Сонымен қатар тұрғындарымыз өкінішке орай өте сенгіш болып келеді. Мысалы, көп кездесетін интернет-алаяқтық қылмыстың түрі – инвестиция немесе ақша қаражатын көбейту, бұл кезекте тұрғындарымыз үйде отырып жеңіл ақша таба аламыз деген жарнамаларға сеніп, интернет алаяқтық құрбандары болуда.

Аталған бағытта біздің департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халықты жан-жақты ескерту жұмыстарын жүргізуде. Аталған іс-шаралар адамдар көп шоғырланатын орындарда, базарларда, ойын-сауық кешендерінде, кинотеатрларда, банк және халыққа қызмет көрсету орталықтарымен т.б орындарда тұрақты жүргізіліп келеді.

El.kz: Тұрғындарға осы бір қылмыс құрбаны болмаудың негізгі делінген жолдарын айтып беріңізші...

Мұрат Қабденов: Паспорттық және өзге де дербес деректермен бөліспеңіз. Банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефонға келіп түскен SMS парольдерді, тіпті егер сізге хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған болса да бұл мәліметтерді бермеу керек. Сонымен қатар кез келген жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығу, кез келген ұсыныстарға сын көзбен қарау, тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлеуге келіспеу, белгісіз адамдарға ақша аудармау, күмәнді шарттар мен мәмілелер жасамауды назарда ұстаған абзал. Бұдан өзге банк қосымшалары арқылы шоттағы шығыс лимитін белгілеп, мүмкін болатын транзакциялар мөлшерін шектеген дұрыс. Өз құжаттарыңызға қолжеткізуді шектеу (жеке куәлік, банк картасы), құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жолдамау. Көрсетілген мәліметтер алаяқтарға белгілі болған жағдайда, бұл оларға алдағы уақытта микрокредиттік қаржы ұйымдарында немесе банктерде сенгіш халықтың атынан несиелерді оңай рәсімдеуге мүмкіндік береді.

(Фото: Түркістан облыстық ПД)

El.kz: «Қорғау» бағдарламасы көмегімен неше көлік жүргізушісі анықталды және олардың қанша берешегі қайтарылды? 

Мұрат Қабденов: Түркістан облысында 2022 жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан" Жолдауын жүзеге асыру бағытында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылыларды анықтау мақсатында «Қорғау - қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылған болатын. Осы орайда жол-көлік оқиғалары мен бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзушылардың санын азайту, аталмыш жаңа «Қорғау» бағдарламасының еншісінде. Ішкі істер министрінің тапсырмасымен әзірленген «Қорғау - қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасында облыста орнатылған бейнебақылау камералары, Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталықтары мен мобильді қосымшаларының мүмкіндіктері біріктірілген. Яғни, жедел басқару орталығындағы полиция қызметкерлеріне көшелерде қойылған бейнебақылау камераларына түскен құқықбұзушы көлік туралы ақпарат келеді. Атап өтсек, аталған бағдарлама көлікті жалған нөмірмен басқаратын жүргізушілерді, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисінсіз жүргендерді бірден анықтайды. Оларды ұстау қажеттілігі туралы ақпарат түскен бойда сол аумаққа жақын жүрген тәртіп сақшылары қолдарындағы қызметтік планшеттері арқылы апаттың алдын алу шараларын қабылдайды, жүргізушінің жүрген орны туралы мәліметті көре алады.

Ал статистикалық мәліметке тоқталсақ, 2024 жылдың 3 айында «Қорғау-қауіпті жүргізуші» бағдарламасы арқылы облыста 2143 автокөлік анықталып, айыптұраққа қойылған. Жалпы борышкерлерден 3 ай ішінде 16 миллионға жуық айыппұл өндірілген.

El.kz: Былтыр қараша айында сіз өзіңізге хат жазған 12 жасар баланың арманын орындағаныңызды білеміз. Сол сәтке толығырақ тоқталып өтіңізші. Жалпы сізге балалардан жиі хат келіп түсе ме? Көбі не туралы жазады?

Мұрат Қабденов: Иә, ол жағдай есімде. Ол баланың есімі – Азамат. Көпбалалы отбасынан шыққан, үйінің үлкені. Маған хат жазған соң оның үйіне барып, тікелей жүздесіп, ата-анасымен тілдестім. Болашақта тәртіп сақшысы болғысы келетін баланың талабы мен өмірге деген құштарлығын байқап, жігеріне тәнті болдым. Оның барынша жағдайын жасауға тырысып, тәрбиелеген ата-анасына, ақылын берін демеу болып отырған ақ самайлы әжесіне алғысымды айттым. Осы ретте «Бала арманы» деген арнайы жобаның авторы, оқушы Азаматтың ұстазы, үлкен жүректі Әсел Бимырзаева қарындасыма да ризашылығымды жеткізгім келеді.

Шынын айтқанда, маған балалардан, олардың ата-аналарынан жиі хат келіп тұрады. Бала жүрегі таза әрі нәзік қой. Көбіне менің жас достарым мамандыққа қызығушылығын және өскенде елін қорғайтын азамат болғыс келетінін жазады. Ал мен олардың армандарына қанат бітіріп, әрқайсысына дара жол көрсеткім келеді.

Осы апта ортасында 10 ерекше баланың арманын орындауға себепші болдым деуге болады. Олардың барлығы да өз арманын айтып, маған хат жазған болатын. Балаларға қуаныш сыйлау - мен үшін үлкен бақыт.

El.kz: Әрбір полиция қызметкері өз міндетіне адал, жанашыр және мәдениетті болуы керектігі үнемі айтылып отырады. Бірақ кейде бұл критерийлерге қайшы келетін сақшыларды да ел көріп жүр. Ондай қызметкерлермен күрес қалай жүруде?

Мұрат Қабденов: Қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау – полиция міндеті. Алқа отырысында министр атқарылған жұмыстарды тізбектеп шыққан болатын. Осы орайда министрдің айтқан сын-ескертпелерін назарға ала отырып, жұмыс жүргізудеміз. Өзімізде тәртіптік комиссия, офицерлік кеңес және консультативтік кеңесші орган бар. Олар тәртібі нашар, қызметке салғырт қарап, лауазымдық міндетін дұрыс атақара алмайтындармен жұмыс жүргізеді. Өз құзыретімізге сай заңды бұзған қызметкерлерді барынша заң аясында жауапқа тартамыз. Бірақ мақсатымыз жазалау емес, мақсатымыз - ел қамы үшін іскерлігімен жұмысын атқаратын қазіргі заманға сай жұртқа жанашыр және өз ісіне адал полицейді қалыптастыру.

Бізде ардагерлер алқасы, тәлімгерлер кеңесі де құрылған. Олар жас мамандарды тәрбиелеу, жұмысқа бағыттау, қызметінде қиындықтарды жеңіп шығып, жақсы жұмыс нәтижесін көрсету үшін тәлімгерлік жасап, бағыт бағдар беріп отырады.

El.kz: Ішкі істер министрі 2024-ті «Кадр әлеуетін жақсарту жылы» деп атаған екен. Осы бойынша нақты қандай жұмыстар жүзеге асып отыр?

Мұрат Қабденов: Осы бағытта бізде Түркістан облыстық Полиция департаментінде бірқатар шаралар атқарылуда. Оның ішінде жас талапкерлерді полицей мамандығына шақыру мақсатында айына бір рет үміткерлермен кездесу өткізіліп, олармен сұхбат жүргізіледі. Онда полицей болуы үшін қандай кезеңдерден өтетіндігі таныстырылып, бағыт-бағдар беріледі.

El.kz: Түркістан облысының тәртіп сақшылары заман талабына сай қызмет атқарып жүр деп ойлайсыз ба? Өңірдің бас полицейі ретінде 5 балдық жүйемен олардың еңбегіне қандай баға берер едіңіз?

Мұрат Қабденов: Оны сырт көз бермесе, өздеріңіз сияқты БАҚ өкілдері айтпаса, маған нақты мынандай деп баға беру қиындау. Әйтсе де, облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жоғары дәрежеде деп бағалай аламын. Оны өзіңізге сұқбат басында да айтып өттім, статистикалық мәліметтермен таныстырып өттім.

El.kz: Жалпы облыста кадр жетіспеушілігі бар ма? Егер бар болса, оны ретке келтіруде нендей жұмыстар атқарылып жатыр?

Мұрат Қабденов: Әрине,и кез келген мекемеде кадр жетіспеушілігі туындауы қалыпты жағдай. Бұл бағытта бізде жоғары оқу орындарымен үздіксіз байланыс жүргізіп, ондағы бітіруші мамандарды өз саламызға жұмысқа щақыру шараларын жүргізудеміз.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға