Жаңалықтар

Түркістан музыкалық драма театрында жаңа бағытта премьера өтеді

Бұл туралы Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді
Түркістан музыкалық драма театрында жаңа бағытта премьера өтеді
Фото: Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі 23.10.2022 13:05 1717

Түркістан музыкалық драма театрында жаңа бағытта премьера өтеді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Осы орайда Түркістан музыкалық драма театрында жаңа қойылымға қатысты баспасөз конференциясы өтті. Мұнда Қазақстанда тұңғыш рет сахналанып отырған Триптих: «Гамлет», «Қарагөз», «Фауст» спектаклі туралы баяндалды. Жиынға туындының сахналық нұсқасының авторы әрі режиссері – Әлібек Өмірбекұлы, заманауи театр тіліне аударған – Мирас Әбіл мен әртістер қатысты.

– Бұл жаңа бағытта дайындалып жатқан қойылым. Әлемдік алыптардың қатарында Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» пьесасы да болуға лайықты. Сондықтан да әлем мойындаған Шекспир мен Гете туындыларымен біріктірдік. Үш еңбектің ортақ дүниесі – махаббат. Әрине, дайындық процесі де оңайға соқпады. Сондықтан әрі қарай келген көрермен бағасын беретіні анық, – деді режиссер.

«ТРИПТИХ» – Шекспир, Әуезов, Гете сынды үш жазушының әйгілі үш туындысының сахналық нұсқасы. Бұл туындылардың жарық көргеніне қанша ғасыр болса да, әлі өзектілігін жоймай келеді. Әлемдік деңгейдегі шығармалар біртұтас режиссерлік көзқарастарға негізделіп қазақ театр сахнасында алғаш рет сахналанып отыр.

Аталмыш спектакльде махаббат атты ұғымның мән-мағынасына басқаша үңіліп, классикалық шығармаларға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік туады. Спектакльді режиссер Әлібек Өмірбекұлы қойылымды бүгінгі заманауи тілде ұсынбақ. Түркістан театрының актерлік құрамының потенциалын жаңа қырынан ашу, театр тынысын заманауи бағытқа тәрбиелеуде «Триптих» спектаклінің айтары көп.

В.Г.Белинский: «Гамлет» — драмашы ақындар патшасының басындағы алтын тәжінің ортасына қадап қойылған, жарқыраған асыл гауһар тас».

Т.Жұртбай: «Тағдыр мен тауқымет, махаббат пен ғадауат. Зар еңіреген көшпелі Заман, Ойы екіге жарылған адамның Ақыл азабы, Есіле көсіліп шаттаньш, егіле Жылау Мұхтар шығармаларының ішінде тек «Қаракөздің» маңдайына жазылған сыбаға».

И.В.Гёте: «Мен бірнеше махаббат романдарын басымнан өткердім де, махаббат – дүниедегі ең биік құдырет деп санадым».

Еске сала кетейік, аталмыш қойылым 22-23 қазан күндері Түркістан музыкалық драма театрында сахналанатын болады. Ал театр ұжымы бір жыл ішінде бірнеше жетістікке жетіп отыр. Соның бірі де бірегейі, жақында ғана Халықаралық «Исабеков әлемі» театр фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған еді. Сонымен қатар қазіргі кезде театр труппасы Астана қаласында өтіп жатқан фестивальге қатысуда. Бірер күнде қорытындысы шығатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға