Түркістан елдімекендерді газдандыру бойынша елімізде көш бастады
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
03.10.2024 22:40
416
Түркістан облысы елдімекендерді газдандыру жұмыстары бойынша елімізде көш бастады. Халық санымен есептегенде 1 млн 750 мыңнан астам адам немесе облыс тұрғындарының 81 пайыздан астамы табиғи газбен қамтылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл – еліміздегі жалпы көрсеткіштің 28,4 пайызы. Яғни, газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Биыл 75 мың халық табиғи газбен қамтылады.
Облыс әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2023 жылы өңірде 45-тен астам елдімекен газдандырылған болатын, бұл көрсеткіш республикада өңірлер арасындағы ең жоғары нәтиже болды.
Жалпы өңірде соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған 46 табиғи газ нысаны болған. Оның ішінде 40 елдімекен, 2 көше, 2 автоматты газ тарату станциясы бар. Өткен жылдың қорытындысымен оның 44-і іске қосылды. 1,5 жылдың ішінде сақалды құрылыс ретке келтіріліп, 120 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газбен қамтылды.
Биыл облыста 54 нысан құрылысы аяқталып, 47 елдімекенде 75 мыңға жуық халыққа «көгілдір отын» жеткізу бойынша жобалар іске асырылуда. Президент тапсырмасына сәйкес «Самұрық-Қазына» қоры арқылы қосымша 10 млрд. тең бөлініп отыр. Аталған қаражаттарды бөлуде облыс әкімінің тапсырмасына орай газдандыру көрсеткіштері төмен Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Бәйдібек аудандарына басымдық берілуде,-деп атап өтті әкімдіктен.
Өткен жылы облыста 2 газ тарату станциясы пайдалануға берілді. Биыл дәл осындай газ тарату станциялары Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында іске қосылды. Ал жыл соңына дейін тағы да 3 газ тарату станциясын іске қосу жоспарланған.
Тұрақты жұмыс нәтижесінде биыл Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 %-ға жетеді деп күтіліп отыр. Облыс елдімекендерін 100 % табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекенді (469,6 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етуге қол жеткізілмек.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Антикор алаяқтар туралы тағы да ескертті