Жаңалықтар

Түркі елінің фотографтары Алматыда бас қосты

Түркі елінің фотографтары Алматыда бас қосты
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 05.05.2023 13:09 1912

Алматыда тамырлас түркі елінен келген фотоөнердің майталмандары жергілікті фотографтармен әріптестік орнату мақсатында бас қосты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

 «FOTOSFER» халықаралық фотофестивалінің арт-директоры, фотограф Мұрат Гүр мен Ыстамбұлдағы Мимар Синан университетінің профессоры, фотограф Озан Билгисерен Қазақстанға үш күндік сапармен келіп, Алматыдағы фотография өнері бойынша білім беретін оқу орындарымен және осы салада тұрақты қызмет етіп келе жатқан ұжым өкілдерімен кездесулер өткізді.

Фотография саласындағы есімдері әлемге танымал тұлғалармен кездесулер «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында және Алматы полиграфиялық колледжінде өтті.

Еркін форматта өткен кездесудің басты мақсаты – түркі елдеріндегі фотография саласын меңгерген мамандармен пікір алмасу, осы саланың ары қарай дамуына қолдан келгенше атсалысу.

Басқосудағы таныстықтан кейін Мұрат Гүр мен Озан Билгисерен өздерінің тың туындыларын көпшілікке ұсынды. Сонымен қатар қонақтарға, 2017 жылы Әлемнің үздік 10 фотографының қатарына енген, белгілі фотоөнертанушы, фотограф Серік Мұқышұлы мен Қазақстанға танымал белгілі фотосуретші, математика ғылымдарының кандидаты Фархат Қабдықайыровтың таңғажайып туындылары қонақтардың назарына ұсынылды. Әр суретте тұтас тарих жатқан фотомамандардың туындылары меймандардың таңдайын қақтырды.

Жүздесуден соң, Алматы полиграфия колледжінің директоры, техника ғылымдарының кандидаты Билалдин Ахметов пен «Aidahar Premium» студиясының жетекшісі, фотограф Оңғарбек Алхаров естеліктер табыстаса, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің аға оқытушысы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы шеттен келген бауырларына адамзаттың Екінші Ұстазы атанған ғұлама ғалым, ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала. Музыка туралы кітап» және «Бақыт туралы» құнды еңбектерін кәдесый ретінде сыйға тартты.

Түркі елінің фотографтары Алматыда бас қосты

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға