Жаңалықтар

Түрікменстандағы Қазақстан Мәдени күндеріне 3 мыңнан астам қонақ қатысты

Түрікменстандағы Қазақстан Мәдени күндеріне 3 мыңнан астам қонақ қатысты
Фото: gov.kz 10.10.2024 03:33 424

Мемлекет басшысының Түрікменстанға ресми сапары қарсаңында Ашхабадта Қазақстан Республикасының мәдениет күндері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сәйкес, іс-шаралар Қазақстанның өнер шеберлерінің қатысуымен Түрікменстанның Мемлекеттік мәдениет орталығының Мукамов сарайында өткен гала-концертпен қорытындыланды. 850 көрермен қатысқан бұл концерт екі ел арасындағы мәдени байланыстың жарқын көрінісіне айналды.

Жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Түрікменстан мәдениет министрі Атагелді Шамурадов, мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломатиялық корпус және екі елдің шығармашылық зиялы қауымы қатысты.

Концертті Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі «Шаттық елі» шығармасымен ашты. Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев «Он саусақ» композициясын орындады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлішер Кәрімов орындаған «Jan Watanym Türkmenistan» әні көрермендердің ерекше қошеметіне бөленді. Сонымен қатар Расул Жармағамбетов, Абылай Тлепберген және Таңат Сәденовтің өнерлері де көрермендерді тәнті етті. «Бірлік» би ансамблі де көрермендерге өшпес әсер қалдырды.

Мен өзім Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегімін, сондықтан осындай керемет концертке қатысу мен үшін үлкен қуаныш болды. Бүгін көргенім мен естігенім жүрегіме жақын әрі қымбат. Бүгінгі концерт және басқа да іс-шаралар біз үшін нағыз мереке болды. Бұл – ұлы өнер: домбыра мен қобыздың үндері ғажап естілді. Көптеген студенттерім жүректері лүпілдеп, үлкен әсермен тыңдады, – деп өз әсерімен бөлісті Мұрат Құрбанов.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған Қазақстан мәдениетінің күндері Ашхабадта 7-10 қазан аралығында өтті. Қазақ мәдениетімен танысу көркем фильмдердің көрсетілімінен басталды. Көрермен Қазақ хандығының өрлеу кезеңін баяндайтын «Ұлы дала таңы» тарихи фильмін және шынайы оқиғаларға негізделген «Паралимпиец» фильмін тамашалады.

Түрікменстандықтар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің «Сарыарқа» және Роза Бағланова атындағы Мемлекеттік академиялық концерттік ұйымның «Saz&Soul» тобының «Шекарасыз әуендер» бағдарламасын көріп, өнеріне тәнті болды.

Қазақстан мәдениетінің күндері аясындағы іс-шараларға Түрікменстанда 3000-ден астам адам қатысты.

Ертең Ашхабадта Қазақстан мен Түрікменстан мемлекет басшыларының қатысуымен ұлы ақын Абай Құнанбаев ескерткішінің ашылу салтанаты өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға