Тұрғындар жолдардың сапасына наразы – Олжас Бектенов
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов тұрғындар жолдардың сапасына наразы екенін, осы мәселеге қатысты 40 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскенін айтып, әкімдерге бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр:
Тұрғындар жолдардың сапасына наразы. Өткен жылы азаматтардан ресми түрде осы мәселеге қатысты 40 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Өңірлерде жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарында құрылыс технологияларын сақтамау және мерзімдерді кешіктіру байқалып отыр. Әкімдер бұл мәселелерді бақылауға алуы тиіс, – деді.
Сондай-ақ Үкімет басшысы жергілікті жолдарға да баса мән берілуі керек екенін айтты.
Облыстық және аудандық жолдарды күрделі жөндеуге қомақты қаражат бөлінуде. Оның ішінде республикалық бюджеттен де қарастырылған. Алайда кейбір өңірлерде жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жеткіліксіз болып отыр. Атап айтқанда, бұл Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарына да қатысты мәселе, – деді премьер-министр.
Бұдан өзге Олжас Бектенов көлік ағынын басқару ісіне заманауи IT-технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу қажет екенін айтты.