Жаңалықтар

Тұрғын үйдің қабырғасын бүлдірген елорда тұрғыны жазаланды

Тұрғын үйдің қабырғасын бүлдірген елорда тұрғыны жазаланды
Фото: El.kz 23.11.2024 15:20 410

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бөтен мүлікті қасақана бүлдіру фактісі бойынша (ӘҚБтК 147-1-бабының 1-бөлігі) Д.-ға қатысты істі қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құқық бұзушы Д., алкогольдік масаң күйінде тұрғын үйдің подъезінде қабырғаны қасақана теуіп, кафельдерді бүлдірген.

Ұсынылған құжаттамаға сәйкес келтірілген шығын 142 181 теңгеге бағаланған.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдіріп, бөтеннің мүлкін мас күйінде және эмоционалды күйзеліс жағдайында бүлдіргенін айтты.

Құқық бұзушылық фактісі іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және оқиға болған жерден түсірілген бейнежазбамен расталады.

ӘҚБтК 147-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды не 5-тен 20 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді.

Жазаны тағайындау кезінде сот құқық бұзушының біртектес құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жауапкершілікке тартылмағанын, кінәсін мойындауын және шын ниетпен өкінуін жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Құқық бұзушылықты мас күйінде жасауы ауырлататын мән-жай деп танылды.

Сот Д.-ны ӘҚБтК 147-1-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.

Жаза іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын, құқық бұзушының жеке басын, айналасындағыларға анық құрметтемеушілік танытқанын, сондай-ақ алкогольдік масаң күйінде құқық бұзғанын ескере отырып тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға