Жаңалықтар

Тұңғыш Олимпиада чемпионы Даңқ музейіне жеке заттарын тарту етті

Тұңғыш Олимпиада чемпионы Даңқ музейіне жеке заттарын тарту етті
Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 02.03.2024 06:15 4342

Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов ҚР Президент орталығындағы ел спортының Даңқ музейіне жеке заттарын табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сілтеме жасап.

Осыдан тура 30 жыл бұрын Лиллехаммердегі XVII ақ Олимпиадада Владимир Смирнов 50 шақырымға (классикалық стиль) жарыста чемпион атанған. Даңқты отандасымыздың сол кезде киген спорт киімі, шаңғысы мен ол туралы жазылған «Владимир Смирнов - человек-победитель» кітабы енді ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты орталық музейінің құнды жәдігеріне айналады.

Бұл біздің егемен ел ретінде барған алғашқы олимпия ойындарымыз, бірінші алтын жүлдеміз болатын. Өзімді сол үшін мақтан тұтамын. Содан бері арада 30 жыл өтіпті. Кеше Щучинск қаласында арнайы іс-шара өтті. Бүгін сондағы мектеп оқушылары маған жылы лебізін айтып, зор қуаныш сыйлады. Осы музейге келушілер көп болғанын қалаймын. Біздің заттарымыз арқылы олар сол жарыс жайлы көбірек біле алады»,-деді Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов.

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Айта кетейік, бұған дейін Щучинск қаласындағы іс-шара кезінде Владимир Смирновқа II дәрежелі «Достық» ордені табысталды. Көктемде әйгілі шаңғышы 60 жасқа толады.

Қазір Қазақстан спортының Даңқ музейінде көптеген экспонат бар. Бұл қатарда Серік Сәпиевтің Лондон Олимпиадасындағы былғары қолғабы, Александр Винокуровтың жейдесі мен велосипеді, Дмитрий Баландиннің Рио Олимпиадасындағы спорт киімі, Дәулет Тұрлыхановтың медальдары, Денис Теннің Сочи Олимпиадасындағы костюмі, Данияр Елеусіновтің шлемі мен киімі, Геннадий Головкиннің алтын белбеулері және өзге де заттар қойылған.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға