Тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығы тағайындалды
Журналистерге арналған сыйлық
Баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығы жарияланды. Бұл туралы Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
– Биыл отандық телевизияның үздіктері «Тұмар» сыйлығымен марапатталғаны белгілі. Осы орайда біз басқа БАҚ өкілдерінің еңбегін де ескергенді жөн көрдік, - деп жазады министр. Ол сондай-ақ байқаудың шарты мен мақсатына тоқталып: «Сонымен, баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығын жариялаймыз. Басты мақсат – талантты журналистер мен сапалы медиа-жобаларға қолдау көрсету. Байқаудың қазылар алқасы осы саланың майталмандары мен қоғам қайраткерлерінен және сарапшылардан құралады. Қазылардың толық тізімі алдын ала жарияланады» - деп жазды. Министрдің сөзінше, сыйлық 15 аталым бойынша беріледі. Журналистиканың дәстүрлі салаларымен қатар, «Үздік фотосурет», «Қазақстан туралы ең үздік танымдық материал» және «Қазнеттегі медиа серпіліс» сияқты бағыттар қамтылады. Байқауға өтініш 7 мамырдан бастап el.kz сайтында қабылданады, сыйлыққа қатысты егжей-тегжейлі ақпарат та сонда болмақ. Салтанатты марапаттау журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылады.
