Жаңалықтар

«Түнгі жүгіріс»: елордада өткен іс-шараға 1500 әуесқой қатысты

«Түнгі жүгіріс»: елордада өткен іс-шараға 1500 әуесқой қатысты
Фото: Астана әкімдігі 23.11.2024 18:46 91

Астана тұрғындары үшін «Түнгі жүгіріс» іс-шарасы ұйымдастырылып, 22 қараша қараша күні 21:00-де Ботаникалық саябақта елордалықтар 4 шақырым қашықтықты бағындырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласының жұма түнінде сынап бағамы -8 градусты көрсетіп тұрды. Ұйымдастырушылар 1000 адамдық лимит қойғанына қарамастан Ботаникалық саябақта салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың қарасы әдеттегідей өте көп болды. Кезекті ерекше «Түнгі жүгірісте» 1 500-ге жуық әуесқой спортшы тіркелді.

«Бір жылда Астана қаласында 800-дей спорттық шара өткіземіз. Оның ішінде 34 мәрте марафондық жүгіріс ұйымдастырылды. Әйтсе де 2024 жылы алғаш рет «Түнгі жүгіріс» болды. Бірақ қала тұрғындары Жаңа жылдың алдында дәстүрлі түрде жүгіретіндіктен, бұл алғашқы тәжірибеміз деп айтуға келмейді. Неге Ботаникалық саябақ таңдалды? Өйткені, біріншіден, көптеген қатысушылар үшін тиімді локация. Екіншіден, қаладағы жол қозғалысына ешқандай кедергі келтірмей, емін-еркін, қауіпсіз түрде жүгіре аламыз. Үшіншіден, жүгіру жолағымен қамтылғандықтан, жарақат алу мүмкіндігі төмен. Онымен тоқтап қалмаймыз. Әлі алда отбасылық марафон жоспарымызда тұр», - деп Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ спорттық-бұқаралық іс-шараларды жоспарлау бөлімінің басшысы Көлбай Жанбек пікірін білдірді.

Жүгіріске жиналған қатысушылардың ең жасы 10-да, ең егдесі 68 жаста болды. Әуесқой жүгірушілер тек қана 4 шақырымды еңсеріп қана қоймай, финиш аймағында ыстық шай мен сэндвич, тиісінше арнайы естелік медаль алды.

Іс-шара соңында IPhone 15 Pro смартфоны мен 5 велосипед лотерея арқылы ойнатылып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қатысушылар қоқыстарын жинап кетті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға