Жаңалықтар

Тұмаудың асқынуы 25 жылдан кейін басқа аурудың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін

Тұмаудың асқынуы 25 жылдан кейін басқа аурудың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін
Фото: istockphoto.com 27.10.2024 18:10 462

Шымкентте тұмау мен жіті респираторлық инфекцияның эпидемиологиялық маусымы басталғалы бері аурудың алдын алу бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, 15 қыркүйектен бастап тұмаудың алдын алу мақсатында вакцина салына бастады. Қазіргі таңда 119 мыңға жуық адамға аталған екпе салынған. Бұл туралы Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова айтты. Өз сөзінде спикер тұмаудың асқынуы 5 жылдан бастап 25 жылға дейінгі аралықта өзге аурудың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін екенін алға тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еліміз бойынша 1 қазаннан бастап жіті респираторлық вирусты инфекция мен тұмау ауруларының эпидемиологиялық маусымы басталған. Аталған аурулар тыныс жолын зақымдайтын сырқаттар екені белгілі. Бұл вирусты инфекциялар адамдарға негізі ауа тамшылар арқылы тез жұғады және ол өзінің жұғуына байланысты инкубациялық кезеңде  тыныс жолдарын зақымдайды. Бұл кезде сырқаттанған адамда көзінің жасаурауы , мұрыннан су ағуы, тамақтың жыбырлауы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшық еттердің ауырсынуы сияқты клиникалар белгілері байқалады.

Бұл аурулардың бір ерекшелігі бір адамнан екінші адамға таралуы тез жүріп жатыр. Егер байқайтын болсақ, ортамызда суықтаған белгілерімен жүрген адамдар да бар. Бұл аурудың алдын алудың ең тиімді, ең  дұрыс жолы – вакцина. Өздеріңізге белгілі, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен №102 қаулыға сәйкес, тұмауға қарсы екпе салынады. Бұл вакцина жыл сайын аурудың эпедимиологиялық маусымына байланысты жергілікті бюджет есебінен осал топтағы адамдар контингентіне тегін салынады. Бұл топқа кімдер жатады? Олар бірінші кезекте алғы шепте жүрген медициналық қызметкерлер және де диспансерлік есепте тұратын, жиі созылмалы аурулары бар балалар мен мүмкіндігі шектеулі кісілер. Сонымен қатар медициналық-әлеуметтік  орталықтардың контингенттер мен тұрғындарына салынады.  Бұдан өзге жүкті әйелдердің екінші, үшінші триместріндегі әйелдерге вакцина мемлекет есебінен тегін салынады, Сондай-ақ, екпе тұмаумен ауырған адаммен бір үйде, жалпы вирусты инфекция ошағында қарым-қатынаста болған адамдарға эпидемиологиялық көрсетіліміне байланысты егіледі. Негізі екпенің тұмаудан қорғап, иммунитет қалыптастыруға ықпалы зор. Еліміз бойынша 1 қазан мен 30 сәуір аралығы тұмау мен ЖРВИ-дің эпмидемиологиялық маусымы деп белгіленген. Осы маусым басталғанға дейін 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцина салынып жатыр,-деді басқарма басшысының орынбасары брифингте.

Ұлттық статистика бюросының 1 қыркүйектегі мәліметінше, Шымкенттегі халық саны 1243,9 млн адамды құрап отыр. Жоспар бойынша үшінші мегаполисте тұмаудың алдын алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен тәуекел топтағы тұрғындар үшін 150 мың доза «Гриппол +» вакцинасы сатып алынған. Бұл қала халқының 12 пайызын қамтиды. Күні бүгінге дейін қалада 118 879 адам тұмауға қарсы екпе алған. Яғни, шаһарға жеткізілген екпенің 80 пайызға жуығы салынып үлгерген.

Бір айта кетерлігі, тұмауға қарсы вакцина міндетті түрде медициналық мекемелердің егу кабинеттерінде салынады. Ал екпені кез келген медицина қызметкерлері сала алмайды. Вакцинаны салуға арнайы оқудан өткен дәрігер мен медбикелерге ғана рұқсат берілген.

Екпені салмас бұрын өзінің ережелері де бар. Мәселен, екпе балаларға салынатын болса, ата-анасының немесе заңды өкілінің рұқсаты қажет. Ал егер вакцина ересек адамдарға егілетін болса, дәрігер тексеруінен өтіп, тиісті қорытынды берілген соң дені сау кезінде ғана салуға рұқсат. Бұл жағдайда да ол адамның жазбаша түріндегі келісімі қажет.

(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)

Айгүл Тұрымбетова өз сөзінде тұмауға қарсы вакцина салынғаннан кейін адамға белгілі бір реациялар пайда болатынын, бірақ ол үшін алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті.

Кішкене қызарып, ісінеді. Сонымен қатар адамның дене қызуы 37 градусқа дейін көтерілуі, бас ауруы болуы мүмкін. Бұл екпе салынғаннан кейінгі қалыпты реакция. Яғни, вакцина салынғаннан кейін ағзада иммунитетті қалыптастыратын кезең басталды деген сөз,-деді ол.

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, шаһарда ЖРВИ мен тұмаудың жағдайы қалалық деңгейде тұрақты болғанымен, биыл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Шымкентте тұмау аурушаңдығы 1,66 есеге өскен. Ал жіті респираторлық вирусты инфекция аурушаңдығы керісінше, 8,1 пайызға төмендеген.

Айгүл Тұрымбетова ұсынған статистикалық мәліметке сүйенсек, 2023-2024 жылғы эпимедиологияық маусым кезінде қалада 139 тұмау жағдайы анықталған. Оның 138-і тұмаудың A (H3N2) және 1-еуі B түрі ретінде тіркелген. Жіті респираторлы вирусты инфекция жағдайларының арасында биыл тұмау емес вирустардың 8 жағдайы тіркелген болса, өткен жылғы маусымда оның саны 16 болған екен.

Сөз сөзінде басқарма басшысының орынбасары биыл тұмау аурушаңдығының өсу себебін де түсіндіріп өтті.

Тұмау неге өсті деген сұраққа келер болсақ, ол ауру жағдайы тіркелген адамдарға байланысты. Бұл ретте тұрғындарға айтарым, егер ағзада суықтау белгілері пайда болып, адамның мазасы қашатын жағдайлар болса, сырқаттанған адам мүмкіндігінше оқшаулануы қажет. Үш-төрт, тіпті бес күнге дейін дәрігер тағайындаған емдік шараларды қабылдап, емделгені дұрыс. Содан соң ғана дені сау болып қоғамға шығуы керек. Себебі бір науқас оны бірнеше адамға жұқтырады. Сондықтан аурудың қандай да бір клиникалық көріністері байқалды ма, дереу үйде оқшауланып, медициналық көмекке жүгінуі қажет. Дәрігерді үйге шақырып, тиісті ем қабылдағаны жөн. Алайда бізде түшкіру немесе жөтелуде тұрған ештеңе жоқ деп қоғамға шығып кететіндер бар. Сондықтан ондай адамдар өзі ауырып қана қоймай, өзгелерге жұқтырып алу қаупі барын есте сақтағаны абзал. Себебі вирусты инфекциялар бәрімізге мәлім, ол адам ағзасының клеткаларын зақымдайды. Бұл ертеңгі асқыну жағдайларына әкеп соғуы мүмкін. Тіпті 5-20 жылдар аралығындағы асқынуларды беріп жататын жағдайлар бар. Бәлкім ол кезде адам мұндай вирусты инфекцияға шалдыққанын ұмытып кетуі де мүмкін. Сөйтеді де араға жылдар салып бүйрегі немесе жүрегі не үшін ауырып жатқанын түсінбейді. Оның себебі қайдан? Сол вируспен ауырып, асқыну жағдайлары болғаннан кейін оның соңы осындай ауруларға әкеп соғып жатады,-деді Айгүл Тұрымбетова.

Айта кетейік, тұмау мен жіті респираторлық вирусты инфекцияның алдын алу мақсатында білім беру нысандары, балабақшалар сияқты ұжымдасқан мекемелерде еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде мұндай нысан кіре-берістеріне міндетті түрде сүзгілер орнатылады. Мәселен, таңертең сабаққа келген бала немесе ондағы қызметкер дене қызуы, аурудың клиникалық белгілері бар немесе жоқтығына байланысты міндетті түрде тексеруден өтеді. Егер ондай белгілер байқалса, ол адам дереу қоғамнан оқшауланып, ем тағайындалады. Сонымен қатар мұндай нысандардың дәлізінде міндетті түрде антисептиктер қойылады. Санитарлық талаптарға сәйкес, эпидемиологиялық маусымда егер бір сынып немесе топтағы балалардың 20-30 пайызында ауру анықталса, онда жаңа бала қабылданбайды және бір кабинеттен екінші кабинетке ауысып оқу 10 күнге тоқтатылады. Ауырған бала толығымен сауыққан соң ғана сабаққа қабылданады. Ал егер аурушаңдық 30 пайыздан асса, бұл сыныптағы немесе топтағы балалар онлайн оқу режиміне көшеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға