Жаңалықтар

Тұмаудан қайтыс болған баланың өліміне қатысты жаңа деректер шықты

Тұмаудан қайтыс болған баланың өліміне қатысты жаңа деректер шықты
Фото: отбасы мұрағатынан 31.01.2025 11:34 342

Дамир Булумбаевтың анасы бір емес төрт рет жедел жәрдем шақырған. Фельдшер екі рет баланы ауруханаға жатқызудан бас тартып, оның ауруды сылтауратып жатқанын айтқан. Үшінші рет шақырғанда жауап бермеген, тек төртінші рет шақырғанда баланы ауруханаға жеткізген, бірақ тым кеш болды,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

13 жастағы Дамир Болымбаев дзюдомен шұғылданып, спортты жанына серік еткен. Ол сабақты да үздік оқыған. Талабы таудай жеткіншек Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алған. Ал өткен аптада дене қызуы күрт жоғарылағаннан кейін сабаққа баруды тоқтатқан.

Бастапқыда баланың тек қызуы көтеріліп тұрған. Аяқ-қолы бірден тартылды. Бауырым фельдшерге өзін өте жайсыз сезініп тұрғанын ескерткен. Алайда дәрігер ол сабаққа бармау үшін ойлап тапқан сылтау деп жеңіл-желпі қарады, – деді марқұмның туысы Әлия Болымбаева.

Марқұмның ет жақындары "үйге келген дәрігер тек тұмауға қарсы дәрі-дәрмекті нұсқауымен шектелді", - дейді. Бірақ керек дүниені қабылдаса да, оқушының сырқаты басылмаған. Ең соңғы сәтте амалдары таусылған Дамирдің жақындары жедел жәрдем көмегіне жүгінген.

Анасы Дамирдің дел-сал күйін көрсетіп, көмек сұраса да ақ халаттылар назарға алмады. Қолында ісік пайда болғанынан ескертіп айтқан. Дәрігер "әбден мазаладыңдар" деген сыңай танытып түйілуді басатын спазмолитик салған. Сол екпеден соң баланың жағдайы күрт төмендеген. Көзінің қарасы өзгеріп, тынысы тарылып, жаны қысылды, – деді марқұмның туысы Анна Пфайфер.

Үшінші рет келген жедел жәрдем ғана Дамирді әлсіреген жағдайда жансақтау бөліміне жеткізген. Өкініштісі, бала дәл сол жерде жан тапсырған. Телеарна мәліметінше, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлер тарапынан салғырттық болғанын растайды.

Бұл оқиғаға тәуелсіз сарапшылар тобын тарта отырып, жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала қызметтік талдау нәтижелері бойынша кейбір медицина қызметкерлері тарапынан заңбұзушылық анықталды. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады, – деп жазылған Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Марқұмның ата-анасы құқық қорғау органдарына арыз жазған. Ал Медициналық қызмет сапасын бақылау департаменті қайғылы оқиғаны тексеруге кірісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға