«Туған ұлым деп ойлап жүр». Еуропалық Жәнібек туған анасына қатысты үндеу жасады
Бельгиялық қазақ бала Жәнібек-Мұрат Савельев туған анасын іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Құрметті әкелер, аналар, аға-әпкелер! Мен 2023 жылдың соңында Қазақстанға туған анамды іздеп бардым. Соңғы айларда біз анамды табуға көмектесетін көптеген мәліметке қол жеткіздік. Мысалы, «Бармысың, бауырым?» редакциясы ДНҚ зерттеулері арқылы мен туған кезде басқа баламен ауыстырылған болуым мүмкін екенін анықтады, - дейді ол.
Ол туған анасы мен туыстарымен қауышар күн алыс емес екеніне үмітті.
Менің туған шешем менің оның туған ұлы екенімді білмейтін шығар, менің оқиғамды естімей жүрген шығар... мүмкін оның 2002 жылдың қаңтарында дүниеге келген баласы мен шығармын. Ол қазір менің орныма ауысып кеткен баланы туған ұлым деп ойлап жүруі де мүмкін ғой... Анашым, сен маған керексің. Мені асырап алған анам қатты ауырып жатыр. Ес білгелі сіз туралы ойламаған сәтім жоқ. Құрметті қазақстандық әкелер, аналар, бауырлар! Өтінемін, осы видеоны барынша таратыңыздаршы. Өтінішім туған анама немесе туыстарыма жетеді деп үміттенемін, - дейді Жәнібек Савельев.
Айта кетейік, «Бармысың, бауырым» хабарының редакциясы бельгиялық қазақ баланың биологиялық ата-анасын іздеу жұмыстарына қатысты мән-жайды мәлім етті. Журналист Қымбат Досжанның айтуынша, Жәнібектің туған әкесі табылған. Алайда оның өмірден өтіп кеткені анықталды.