Жаңалықтар

«Туған жер» бағдарламасы кәсіпкерлердің ел-жерге деген жауапкершілігін 80% арттырды

«Туған жер» бағдарламасы кәсіпкерлердің ел-жерге деген жауапкершілігін 80% арттырды
22.10.2018 04:44 10167

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы атап көрсетілді.

Мемлекет басшысы осы бағытта жұмыс істеу қажеттігін, әрбір азамат туған жеріне деген ықыласын өзгертуі керектігін, әсіресе, кәсіп иелеріне туған елдің алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезіну керек екенін баса айтқан болатын. Біраз уақыттан бері осы бағдарлама бойынша тындырымды шаруалар атқарылды. Қазірде олар өз нәтижесін беріп, арнайы сараптау орталықтары да аталмыш жоба бойынша істелген жұмыстарға оң баға бере бастады.

«Аналитик» сараптау орталығының мәліметінше, бүгінде «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің 80 пайызының еліне, жеріне деген жауапкершілігі арта бастаған. Орталықтың мамандары кәсіпкерге сауалнама жүргізу арқылы осындай қорытындыға келген.

«Елімізде шағын кәсіпкерлікпен айналысатын 207,929 адам бар. Орта кәсіпкерлердің саны 2608 адамды құрайды. Жеке кәсіпкер ретінде 756,483 адам тіркелген. Міне, біз кәсіп иелерінің белгілі бір бөлігін алып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған бағдарламалардан хабарлары бар ма, жоқ па, осы жайында сауалнама жүргіздік.

Нәтижесінде, сауалнамаға қатысқан 50 мың кәсіпкердің 80 пайызы Мемлекет басшысы ұсынған бағдарламаларды қанық білетінін және сол бағдарламалар бойынша тиісті жұмыстарды да істегендерін алға тартты. Әрине, біз бұған қуандық. Елбасымыздың ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып отырғаны даусыз. Сондықтан, мұндай бағдарламалардың өміршең болуын қолдау керек», деді «Аналитик» сараптау орталығының сарапшы маманы Айдос Еребеков.

Сарапшы маманның айтуынша, республика бойынша «Туған жер» бағдарламасына атсалысуда Алматы қаласы мен Алматы облысының кәсіпкерлері ерекше белсенділік танытып отыр екен.

Алматы облысының кәсіпкерлері ауыл шаруашылығына қатысты тындырымды істер атқарған. Бұл ретте кәсіпкерлер тарапынан өздері туып-өскен ауылдарына құс зауытын салу, киім тігетін цех ашу, су бұрқақтар орнату, тері-жүн өңдейтін шағын цехтар ашып беру тәрізді жұмыстар атқарылған. Бұған қатысты сарапшы маман Айдос Еребеков «Кәсіпкерлер туып-өскен жерлеріне цехтар, шағын фабрикалар ашып жатыр. Бұл өте қуантарлық жағдай. Мұндай жұмыстарды тындыру арқылы біз ауылдағы жұмыссыздық көрсеткішін азайта аламыз. Ауылдық-аймақтарда «екі қолға — бір күрек таба алмай жүрген жастарды жұмыспен қамту қазір өзекті мәселе. Міне, туған жеріне тағзым ету арқылы кәсіпкерлер сол жұмыссыз жастарды да еңбекпен қамти бастады. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі артып, кәсіп иелері ауылға бет бұра бастағанын көрсетеді. Сондықтан, мұндай бағдарламалардың халыққа берері көп» деді.

Жалпы, мамандардың байыптауынша, егер осы бағдарлама қуатты түрде жұмыс істеп тұрса, ауылдық өңірлерге деген кәсіпкерлердің ықыласы арта түсетіні анық. Мысалы, жуырда осы бағдарламаның аясында кәсіпкер Азамат Абылайұлы өзінің туған жеріне мешіт салдырып, 400 орындық спорт кешенінің құрылысын бастағанын мақтанышпен жеткізді.

«Өзім Жамбыл облысы, Шу ауданының тумасымын. Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы аясында біз де өзіміздің елімізге, жерімізге деген айрықша ықыласымызды көрсеткіміз келеді. Осы мақсатта жуырда Шу ауданына 400 орындық спорт кешенінің құрылысын бастадық. Ауданда жаңа мешіт салынды. Көпшіліктің алғысын алдық. Мерейіміз өсіп, жұмысқа деген құлшынысымыз одан әрі арта түсті. Осыған орай айтарым, мұндай бағдарламалар ел мен елдің арасын байланыстырып, бірлігімізді нығайта түседі. Сондықтан, осы бағдарламаның тыңғылықты орындалуын тілеймін», – деді кәсіпкер Азамат Абылайұлы.

Негізінен, мамандар алға тартып отырғандай, «Туған жер» бағдарламасының орындалуы шалғайда жатқан ауылдарда жүзеге асқаны дұрыс. Себебі, бүгінде елімізде күн көріс деңгейі төмен, әлеуметтік жағдайы орта елдімекендер де баршылық. Осыған байланысты аталмыш бағдарламаларды аймақтардың жағдайын көтеру мақсатында да пайдалануға болады. Бұл ретте экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов «Мұндай бағдарламаларды сауатты пайдалана алсақ, бұл дамымай қалған ауылдардың еңсесін тіктейтін жоба» дейді.

«Әлеуметтік жағдайы төмен, экономикалық даму деңгейі артта қалған ауыл-аймақтарды дамыту үшін осындай ірілі-ұсақты бағдарламалар қолға алынғаны жөн. Бизнестің ауылға бетін бұрудың бұл таптырмас амалы.

Осы арада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының астарын көруге болады. Мемлекет басшысы осы бағдарлама арқылы ауылдағы ағайынның еңсесін тіктеп алуға көмек көрсету қажеттігін жеткізіп отыр. Ауылдан шыққан кәсіпкерлер өз ауылдарына көмектесіп жатса, спорт кешендерін, мешіт, мектеп, аурухана салдырса, мәдениет үйлерінің құрылысын бастаса, қандай жақсы?!

Мен жақында Шығыс Қазақстан облысының, Абай ауданында тері-жүн өңдейтін цех ашылғанын естіп, елеңдеп қалдым. Сөйтсем, сол елдің тумасы кәсіпкер азамат осындай үлкен жұмысты атқарыпты. Ол  цехта қазір 45 адам жұмыс істейді екен. Алатын жалақылары 50-60 мың теңгенің айналасында. Ауылды жерде 50-60 мың теңге жалақы алу әжептәуір жақсы үрдіс. Әлгі кәсіпкер 45 адамды жұмыспен қамтығалы бері сол 45 отбасының жағдайы жақсара бастаған. Ауыл тұрғындары бұрындары тері мен жүнді ешқайда өткізе алмағандықтан өртеп жіберетін болған. Ал, қазір сол цехқа апарып өткізеді. Одан цех жұмысшылары тері шалбар, пима, қолғап, бөкебай тігіп шығара бастаған. Оны ауыл тұрғындары ғана емес, Шығыс Қазақстан облысы ақырындап сатып ала бастаған. Ендігі кезекте кәсіп иесі цехтың ауқымын үлкейтіп, жұмысшылардың санын көбейтіп, өнім көлемін өсіруді жоспарлап отыр.

Міне, бұл бір ғана мысал. Ал, «Туған жер» бағдарламасы аясында мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Демек, бұл бағдарламаның қазақққа берері көп. Олай болса, бағдарламаның болашағына сену керек», деді Жаңабай Алдабергенов.

Сондай-ақ, профессордың айтуынша, нақ осы «Туған жер» бағдарламасы аясында Алматы қаласының Наурызбай ауданында №36-шы емхананы кәсіпкер Тавабир Хайруллаұлы өз қаражатына салдырған. Еуропалық үлгіде салынған емхана ашылған күннен бастап елдің сеніміне кіріп үлгерген. Емханада қажетті дәрігерлердің барлығы бар.

 Ал, емхананы салдырған кәсіпкер бұған дейін мешіт, спортзал, футбол алаңдарын салдырып, елдің алғысына бөленген екен. «Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан менің де хабарым бар. Оның ішінде нақтылап көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы өзімді қатты қызықтырды. Сондықтан да, мен осы бағдарлама бойынша қайырымды іс жасағым келді. Біздің елімізде жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Ондай мүмкіндікті беріп отырған Елбасына ризамын. Ол кісінің отансүйгіштігі, еңбекқорлығы бізге үлгі. Сондықтан да, Президентіміздің «еліміз өсіп-өнсе» деген тілегі қабыл болсын деймін. Бұл бағдарлама арқылы қайырымдылықтың тұжырымдамасын жасауға болады. Кәсіпкерлердің қайырымдылық жасауға деген жауапкершілігі бүгінде осындай бағдарламалар аясында артып келеді. Біз мұны қолдаймыз», дейді кәсіпкер.

Жалпы, қайырымдылыққа қатысты қазақ бизнесінде көптеген қағидалар бар. «Кең болсаң — кем болмайсың» деген қағиданы ұстанатын еліміздің кәсіпкерлері осы күні, расында да, игі істермен көбірек айналысып келеді. Бұл ретте қаржыгер Марал Төртенова «қайырымдылық жүректен шыққан игі іс болуы керек. Мұндай істерді «қайтарымы болады, алдымнан шығады» деп есеппен жасаған дұрыс емес. Абзалы, мұндай жұмыстарды арнайы жоспармен, бағдарламалармен рет-ретімен атқарып отырған дұрыс. Сондықтан, «Туған жер» бағдарламасынан әлі де үміт көп», – дейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға