"Туған жер-алтын бесігім" байқауының жеңімпаздары марапатталды
"Қазконтент" АҚ өткізген "Туған жер-алтын бесігім" атты конкурстың жеңімпаздары марапатталды.
Байқау 31 қазан мен 14 қараша аралығында өтті. Байқау тақырыбы Қазақстанда туризмді дамытуға арналды. Қатысушылар бейнетүсірілімде туған өлкенің сұлулығын көрсетуі тиіс болатын.
Қатысушылар 3 минуттық бейнесюжетті түсіріп, әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында орналастырды. Бейнероликте олар туған өлкенің табиғатын көрсетіп, тарих беттеріне үңіліп, туризмді дамыту бағытына өз үлестерін қосты.
Қатысушылардың жұмысын ұйымдастырушылар Фейсбук-Qazbesik немесе Инстаграмм - @qazaqbesik әлеуметтік желілерінің беттерінде орналастырды.
Конкурска 50-ден астам жұмыс келіп түсті. Жұмыс сипаттамасында #qazcontentkonkurs2018, #konkurs_s_qazcontentom хэштэгтері көрсетілді.
Жүлделі орындарды анықтау инстаграмм және фэйсбук әлеуметтік желілердің ресми беттерінде орналасқан бейнероликтердің астындағы "лайк" санын есептеу жолымен жүргізілді. Ең көп "лайк" жинаған қатысушылар жеңімпаз атанды.
Үшінші орынды киелі Түркістан туралы бейнероликтің авторы Олжас Әлжанов, ал екінші орынды Айбек Маратов қанжығасына байлады. Ол қысқа бейнероликте туған жері Баянауылдың керемет табиғаты туралы әңгімелеп берді. 1 орынды көкшетаулық Игорь Стрельцов иеленді. Жеңімпаз Бурабайдың тамаша табиғаты туралы әңгімелеп, туристерді осы жерде демалуға шақырды.
І орын жеңімпазы 900 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық, ІІ орын иегері 600 000 теңге және ІІІ орын жеңімпазы 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды.