Цифрлық Қазақстан: IT-салаға 187 мыңнан астам маман жұмылдырылды

Бүгінде БҰҰ бағалауы бойынша Қазақстан цифрландыру саласында ілгері жетістіктерді көрсетіп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Біздің еліміз 193 мемлекет арасында 24-орында, сондай-ақ онлайн-қызметтер индексі бойынша 10 көшбасшының қатарына кіреді. Бүгінде интернет арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу 92%-ға жетті. 2024 жылы Қазақстанның IT-саласы қарқынды өсімді көрсетті. IT-компаниялардың саны 18 683-ке жетті. Соңғы үш жылда 16% өсім.
Сонымен қатар IT-мамандарға сұраныс артып келеді. Қазіргі уақытта IT-саладағы жұмыспен қамту 12%-ға артып, 187 мың адамға жетті. Бұл саладағы орташа айлық жалақы 2024 жылы 54%-ға өсіп, 673 мың теңгеге жетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жеке IT-мектептерді ынталандыру арқылы 2025 жылға қарай 20 мың IT-маман даярлауға бағытталған Tech Orda бағдарламасы іске қосылды. Бүгінгі таңда олар ақпараттық технологиялар саласында 16 мыңнан астам сарапшы дайындады.
