Жаңалықтар

«Цифрлық нотариат» жобасы негізінде 20 мыңнан астам азамат сенімхат алды

«Цифрлық нотариат» жобасы негізінде 20 мыңнан астам азамат сенімхат алды
Фото: © ОКҚ 19.10.2023 15:49 707

«Цифрлық нотариат» қызметі смартфон арқылы көрсетіледі. Енді азаматтарға сенімхаттарды, ерлі-зайыптылардың келісімін нотариаттық растау үшін нотариустардың кеңселеріне барудың қажеті жоқ. Бұл туралы әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлем етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бекболат Серікұлының сөзінше, нотариаттық процестердің қауіпсіздігі мен заңдылығын қамтамасыз ету кепілі ретінде клиентті биометриялық сәйкестендіру технологиясы, смс-код және электрондық-цифрлық қолтаңба түріндегі екі факторлы аутентификация қолданылады.

Қызмет іске қосылған сәттен бастап 20 мыңнан астам азамат сенімхат алды. Сонымен қатар ерлі-зайыптылардың келісімін онлайн растау қызметі осы жылдың 25 қыркүйегінен бастап енгізілді, қазіргі уақытта бұл қызмет 609 адамға көрсетілді. Оған қоса «eGov mobile» қосымшасы арқылы онлайн форматта кеңес алу мүмкіндігі бар. Азаматтар нотариаттық іс-әрекетке байланысты кез келген заңды сұрақтарды қоя алады, - деді вице-министр.

Сондай-ақ Бекболат Молдабеков борышкерге хабарлама жіберетін атқарушылық құжатты автоматты түрде қозғау жөніндегі робот әзірленгенін айтты.

Бұл азаматтарға борыштық жүктемені азайту үшін жасалды. Жеке сот орындаушысы мәжбүрлеп орындаған кезде борышкерлерден негізгі борыш сомасы және өндіріп алу сомасының 3 пайыздан 25 пайызға дейінгі мөлшерде қосымша комиссия өндіріп алады. Роботты қолдану азаматтарға сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуге қосымша қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, - деді Бекболат Серікұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға