Жаңалықтар

Цифрлы технологияларды енгізетін кәсіпорындардың шығыны өтеледі

ІТ-шешімдер әзірлеп, енгізген өнеркәсіпке мемлекет қолдау көрсетеді
Цифрлы технологияларды енгізетін кәсіпорындардың шығыны өтеледі
Фото: hsbi.hse.ru 03.02.2023 04:32 819

Цифрлы технологияларды енгізетін кәсіпорындардың шығыны өтеледі, деп хабарлайды El.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, вице-министр Динара Щеглова Алматыда басталған «Digital Almaty: жаңа жағдайдағы цифрлы әріптестік» атты V халықаралық форумына қатысты.

«Өнеркәсіпті цифрлы трансформациялау» сессиясы шеңберінде Индустрия 4.0 элементтеріне байланысты көрсетілетін мемлекеттік қолдау мен реттеу жолдары, сондай-ақ өндіріс орындарында цифрлы жобаларды дамытып, енгізу кезінде туындайтын өзекті мәселелер талқыланды.

Форум кезінде Қазақстан мен шетелдік компаниялардың мамандары осы бағыт бойынша өз ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ, Tesla, Faceplate, CEO Geometry сынды ірі компанияларының өкілдері өнеркәсіпті заманауи тұрғыда ілгерілету жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.

Ашық диалог барысында ИИДМ басшысының орынбасары цифрлы технологияларды өнеркәсіпке енгізетін кәсіпорындарды ынталандыруға байланысты министрлік тиісті заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін, сондай-ақ IT-шешімдерді әзірлеп, енгізетін өндіріс орындары шамамен 60 млн теңгеге дейінгі сомада жұмсалатын шығындардың 40%-дан 50%-ға өтей алатынын жеткізді.

Бұл ретте Digital Almaty – еліміздің оңтүстігінде орналасқан мегаполисте жыл сайын өткізіліп тұратын және бизнес өкілдерінің, халықаралық сарапшылардың, IT-қауымдастық пен мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдерінің басын қосатын ірі технологиялық іс-шараға айналған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға