Цифрландыру мәселесі жеке бақылауымда болады – Олжас Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттен қызмет алу үшін ешқайда барудың қажеті болмайтынын, жүйе азаматтың өтінішін күтпей-ақ бәрін өзі жасап беретінін, енді цифрландыру мәселесін жеке бақылауына алатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет басшысы бала өмірге келген кезде жеке сәйкестендіру нөмірі автоматты түрде берілетінін, ал туу туралы куәлік СМС арқылы рәсімделетінін жеткізді.
Сондай-ақ біз банктермен арадағы серіктестіктің оңтайлы нәтижелерін көріп отырмыз. Банктік қосымшалар арқылы жүретін қарапайым әрі жылдам процестердің арқасында онлайн қызметтердің қамту деңгейі артып келеді. Біз мұндай өзара табысты ықпалдастықты қолдаймыз. Жалпы, мемлекеттік қызметтердегі бизнес процестерді оңтайландыруға баса назар аудару керек. Пайдаланушылар өзіне қажетті қызметтің бәрін ең көп дегенде екі рет басу арқылы алуы тиіс. Цифрландыру мәселесі жеке бақылауымда болады, – деді Бектенов.
