Жаңалықтар

Цифрландыру: мәселе әлі өзекті ме?

Цифрландыру: мәселе әлі өзекті ме?
28.03.2022 15:22 5761

2020 жылғы әлемдік пандемия көп нәрсеге қатысты көзқарастар мен ұстанымды өзгерткені белгілі. Әсіресе бірер күннің ішінде цифрлық әлемнің талаптары бойынша «ойын ережесіне» көшу біраз адамды абдыратқаны да рас. Иә, цифрландыру мәселесі пандемиядан бұрын қолға алынса да, дәл осы карантин талаптары қатаңданған сәтте көп нәрсеге дайын емесімізді анық ұқтық. Ақ қазіргі жағдайымыз қалай? Мұны осы саланың маманы Тимур Бектұр айтып береді.

Цифрландыру: мәселе әлі өзекті ме?

– Қай салада толығымен цифрлануы керек, қай саланың толық цифрлануы күрделі – маман есебінде осы сұрақтың басын аршып алсақ?

– Әрине, барлық сала цифрлануы керек, себебі, бұл – заман талабы, талқыланбайтын тақырып. Бұл қажеттеліктен көрі мұқтаждыққа қарай ауысып бара жатқан тенденция. Мейлі ауылшаруашылығы, мейлі мал шаруашылығы, мейлі медицина, мейлі білім, мейлі ғылым, мейлі мемлекеттік басқару, мейлі педагогика, қаржы саласы, логистика, машина құрылыс: барлық сала цифрлануы керек. Бұл – дамушы елдердің қатарынан дамыған елдердің қатарына қарай жылжытатын қадамдарымыздың алғышарттары. Сондықтан цифрлануға науқандық шаруа деп қарамауымыз керек. Президенттің жолдауы кезінде не болмаса қандай да бір мемлекеттік бағдарламалар аясында ғана емес, цифрлану мәселесін үнемі назарда ұстауымыз керек. Себебі, цифрландыру қар немесе жаңбыр жауған кезде ғана ұстайтын қолшатыр емес, бұл ауа болмай қалса, өмір сүре алмай қалатынымыз секілді, қазіргі замандағы, дәуірдегі бізге ауадай қажет технологиялық даму сатысы.    

– IT нарықтағы жай-күйді бақылап жүрсіз ғой. Қазақстандағы цифрландыру деңгейі туралы не айта аласыз? Жалпы мемлекет жүргізетін цифрландыру ұстанымы қалай болуға тиіс еді?

– Қазақстандағы цифрландыру деңгейі туралы біржақты баға беру өте қиын. Өзіңіз білесіз, бір электрондық портал бойынша мемлекеттік қызмет істерін цифрландырудың кейбір мәселесінде посткеңестік мемлекеттермен салыстырғанда алда келеміз. Осы орайда екінші бір тенденция да барын айта кетейін, ол – тоқмейілсу сезімі. БҰҰ, Дүниежүзілік банктің болсын, индекстеріне қарап отырып, біз Ресейден, Украинадан, Тәжікстан, Қырғызстаннан алда екенбіз деген сияқты тоқмейілсіп кетеміз. Бұл өте жаңсақ жетістік деп айтар едім. Себебі, цифрландырудың бір қызық тұсы – бүгін сізді ұшпаққа шығарып, алғашқы орында көрсетсе, сол жетістікке мемлекет ретінде малданып отыра берсеңіз, яғни еш даму болмаса, кеше ғана артта қалған елдер цифрландырудың өркениетін ерттеп мініп алып, қасыңыздан зу етіп оза шауып кетуі мүмкін. Себебі, цифрландыру бір мезеттік, бір реттік науқандық шаруа емес, үнемі, жиі жаңартылып отыруы, жетілдіріліп отыруы қажет процесс. Елдің алдындамыз, жақсы нәтижеге қол жеткіздік деп тоқтап қалуға болмайды. Мұны неге айтып отырмын? 2020 жылы Пандемия кезінде көп елдерге қарағанда QR код арқылы немесе ашық QR код енгізу арқылы бизнес субъектілерінің ашылуында, халыққа қызмет көрсету орталықтарын онлайн режимге көшіруде, электрондық цифрлық қолтаңбаны қашықтан беру арқылы цифрландыруда айтарлықтай жетістікке жеткенімізбенен, карантиндік режим бәсеңдеген соң қалыпты жағдайға біртіндеп келе бастағанда кері процестің куәгері болдық. Яғни онлайнда жасауға болатын істің біразын қайтадан офлайнға ауыстырып тастады, кейбір өтініштерді қайтадан офлайнда қарастыратын болды. IT маманы, цифрландыруды бақылап жүрген маман ретінде маған бұл кері кету ұнамайды. Қолымыздане келген істі дамытпай, қайта «тас ғасырына» да кетіп қалудың өкініші көп. Цифрландыру бірінші кезекте технологиялық жетістік болғанымен, одан да маңыздысы біздің санамыздағы жаңғыру. Яғни цифраландыру дегеніміз пандемия кезінде толық карантинде отырғандағы мәжбүрлі технологиялық процесс қана емес, кәдімгі күнбе-күнгі, қалыпты жағдайда қолдануға болатын техникалық мүмкіндіктер. Біз осыны түсінгеніміз дұрыс.             

Цифрландыру: мәселе әлі өзекті ме?

– Коронавирус пандемиясы көптеген елдерде цифрлы трансормацияны жеделдеткені белгілі. Қазақстан бұл жылдамдыққа ілісе алды ма?

– Кейбір жағдайларда Қазақстан бұл жылдамдыққа ілісе алды. Мәселен, айтып өткенімдей, мемлекеттік қызмет істерін автоматтандыруда, бизнес субъектілеріне жеделдетіп іске қосуда, яғни экономиканы қалыпқа келтіруде белгілі бір деңгейде трансформацияны жеделдете алдық және осы тұрғыда қанша жерден сынасақ та, найзаның ұшына түйресек те басқа да бір себептермен сенімсіздік танытып, көңіл толмастығымызды білдіріп жатсақ та бұл саладағы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жұмысын арнайы атап өтпеске болмайды. Себебі, түк істелінген жоқ, министрлік құр қарап отырды, халық далада қалды деп айта алмаймыз. Министрлік, басқа да құзырлы мекемелер бар, барлығы цифрлық трансформацияға өз үлестерін қосты. Жақсылы-жаманды жұмыс атқарылды. Ең көзге түсіп қалғаны медицина мен білім саласы ғой. Осы қос салада әттеген-ай болса да, министрліктер сүрініп барып, қайта еңсесін тіктеді деген ойдамын. Мәселен, 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсанында, өздеріңіз білесіздер, педагогтар алғашында қатты абдырап қалды. Сабақтың көбі уатсап арқылы өтуге көшкен қолайсыз жағдайлар да кездесті. Кейін министрлік бар, басқа да бизнес субъектілері бар, бірігіп, бас қосып, әйтеуір онлайн сабақ берудің формасын реттестірген болып, университеттер, колледждерде жайлап цифрлық трансформацияны жасаған сыңайлы. Көп елдер бұлай да істей алмай қалды. Иә, инфрақұрылымның нашарлығы қолды байлады. Интернеттің ақсаған тұстары бар, логистика біраз қиындыққа душар болды. Ауылшаруашылығы дейміз бе, жалпы дәстүрлі экономиканың секторлары трансформацияға сәл ілесе алмай қалды деуге болады. Ал негізгі фокус жасалған салалар, президенттен бастап шенеуніктердің барлығы баса назар аударған салалар біреуден алда, біреуден кейін, әйтеуір көшке ілесуге тырысты.     

– Цифрланған Қазақстандағы азаматтардың осы саладағы сауаты туралы не айтасыз?

– Қазақстан азаматтарының цифрлық сауаты туралы айту өте қиын. Қандай да бір министрді не шенеуніктерді, болмаса қандай да бір жауапты тұлғаларды, лауазым иелерін кінәлі деп айта алмаймын. Бұл жалпы қоғамның, қоғамдық институттардың кінәсі болар. Бізде халық саны өте аз болып саналады. 19 млн халық қана бар. Соның цифрлық сауатын арттыру туралы оншақты жылдан бері айтып жүрміз. Жалпы цифрлық сауатқа қатысты мәселе өте көп. Бұрын-соңды цифрлық қызметтерге жүгінбеген адамдардың цифрлық сауаты басқа, ол әрине, түсінікті. Үнемі электрондық поштамен немесе цифрлық қызметтермен жұмыс істеп жүрген адамдардың цифрлық сауаты туралы әңгіме мүлдем басқа. Барлығына бірдей сипат – қазіргі замандағы киберқауіптерге, кибершабуылдарға тез ұшырап, кибералаяқтықтарға тез алданып, тез қармаққа түсіп қалмайтын деңгейдегі сауатты көтеру керек. Біз осы жағынан әлі шикі екенімізді байқадық. Кез келген адам көшеде тұрған жазбаны оқи алуы, қарапайым арифметикалық есептерді шығара алуы керек дейміз ғой. Міне қазіргі таңда кез келген адам спам деген не, фишиң деген не, кибершабуыл қалай жасалады, телефоныңызды кім тыңдап отыр деген біраз мәселелерде сауатты болғаны дұрысырақ.

– Цифрландырудың құқықтық аспектілерін толық игеріп болдық па? Инновациялық технологияларды енгізу үшін мемлекет оны енгізудің құқықтық-нормативтік базасын даярлап болды ма?

– Цифрландырудың құқықтық аспектілерін толық игеріп болған жоқпыз, әрине. Себебі, ол ешқашан игеріліп болмайтын сала. Уақыт өткен сайын, цифрлық технологияның жыры мен сыры дами түскен сайын, бір кезеңнен екінші кезеңге деңгейі өскен сайын құқықтық аспектілер түрлене береді. Сондықтан құқықтық аспектілерді біз ғана емес, әлем игеріп бола алмайды. Әлеуметтік желі шыққанда оның құқықтық аспектілері пайда болды. Әлеуметтік желіден кейін блокчейн технологиялары шыққанда оның құқықтық аспектілері басты орынға шықты. Крептовалютаны қолданудың, жасанды интеллектіні қолданудың, роботтармен қарым-қатынастың, метаәлемдегі аватарларын қолданудың өзара құқықтық аспектілері пайда бола береді.

Мемлекеттің құқықтық-нормативтік базаны дайындауы да шексіз сала. Әр инновацияда ол база жаңарады. Қазір қателеспесем, блокчейн және крептовалюта мәселелері бойынша құқықтық-нормативтік база жасақталып жатыр не болмаса ол база қабылданып қойған да болар.

Цифрландыру: мәселе әлі өзекті ме?

– ІТ саласында қандай мамандықтар сұранысқа ие? Қай салада маман жетіспеушілігі байқалады? Ондай мамандарды біздің даярлау әлеуетіміз бар ма?

– ІТ саласындағы барлық мамандық сұранысқа ие. Әрине, оның деңгейлері бар. Бірінші, бізге мейлі ол вакансия жариялау сайттары болсын, мейлі ол мемлекеттік қызметтегі сұраныс болсын, мейлі ол жалпы қоғамдағы тенденция болсын, байқайтынымыз интернет бағдарламаларды жасақтау мамандары, оның ішінде бағдарламашылар, мобильді бағдарламашылар, ойын жасаушы бағдарламашылар, дизайн, motion design, және басқа да сәнге айналған кәсіп түрлері сұранысқа ие. Одан бөлек, киберқауіпсіздік саласы, ақпараттық қауіпсіздік саласы, желілік әкімшілік, DevOps-инженерлер соңғы кезде үлкен сұранысқа ие болып жүр. Салада әрдайым маман жетіспей тұрады. Себебі, біріншіден, маманданған кәсіп иелері уақыт өте орнын ауыстырады. Бұрын ол табылған жұмысты қанағат тұтса, енді жақсы компанияға жұмысқа орналасқысы келеді. Екіншіден, ол жақсы компанияда бірер жыл жұмыс істегеннен кейін Google, Meta, Microsoft сияқты әлемдік технологиялық ірі компанияларға жұмысқа орналасатындар, оқуға кетіп жатқандар да бар. Шетелде, Қазақстанда жеке кәсібін ашқысы келетіндер көп. Солардың орны босап қалады да, оның орнына кейінгі маман иелері орналасып жатады. Ал сол кейінгі мамандардың орнына машықтанушы деңгейіндегі мамандар келеді. Мамандықты бос қуыс деп елестетпеу керек. Оның да өзінің қабаттары бар. Айлығына байланысты, жағдайына, білім деңгейіне, технологияның түріне, компанияның әрекет етіп жатқан экономикалық секторына байланысты сұраныстағы мамандықтарға қажеттілік әртүрлі болады. ІТ саласындағы қажетті мамандардың барлығы сұранысқа ие. Иә, кейбір жағдайда маман даярлау әлеуетіміз жақсы, ал кейбір жағдайда маман даярлау әлеуетіміз төмендеу. Көп мәселе, менің ойымша, ұйымдастыруға келіп тіреледі. Айталық әлемдік деңгейдегі киберқауіпсіздік маманын даярлай алмауымыз мүмкін, даярлай алсақ та қуатымыз жетпеуі мүмкін. Айталық астана ІТ университеті, Назарбаев университеті немесе Алматыдағы халықаралық ІТ университеті киберқауіпсіздік мамандығын оқытатын болса, олардың әрқайсысында отыздан аса студент оқыса, ал Қазақстанға мың маман қажет болса қалған маманды қайдан табамыз деген сұрақ туындайды. Қажет маман тек қана ІТ саласынан келуі қажет деген ереже жоқ. Кез келген адам ІТ қауіпсіздік саласына маманданамын десе кәсіби дайындығын жаңарту, өзгерту арқылы осы салаға келіп қосылуы мүмкін. Яғни маман даярлауда осы мәселеге мән беру керек. Бізде қазір классикалық маман даярлау механизміне көбірек көңіл бөлініп жатыр. Ол қате емес, дұрыс. Алайда қатты мән беру керек нәрсе қайта біліктілігін өткізу. Басқа салада жүрген мамандарды да өзі қалаған мамандыққа тәрбиелеу жұмысын қолға алу керек. Оған әлеуметіміз жетерлік, тиісті мекемелер көңіл бөлсе істеуге болатын, қолдан келетін шаруа.

– Әңгімеңізге көп рақмет! 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға