Трасянка һәм шіріген шөп
Белорус тілі
Бөбегім, тілдің бесігі – тәуелсіздік деген едім ғой. Тәуелсіз бола тұра, өз қолымен өз тілін тұншықтырып жатқан халықтардың бар екенін білесің бе? Бұл – сұмдық! Бұл - сатқындық! Әлемдегі тіл проблемасын саралап отырсаң, белорус тілі трагедиясының осыған дейін айтылған ешбір тілдің тағдырына ұқсамайтынын сезінесің. Ұлттық тілдің өшуі, құлдырауы Белоруссияда тәуелсіздігін алғаннан кейін басталды.
Кеңес Одағы ыдыраған соң, жеке дара елдігіне жеткен мемлекеттер сынды Белоруссияда да ұлттық жаңғыру болды. Орыстық үстемдіктен арылудың алғышарты – ана тілде сөйлеу екендігін әр азамат сезінді. Қоғамдық өмірдің барлық саласы белорустене бастады. Белорус тарихшылары бұл құбылысқа «ұлттық жаңғырудың екінші кезеңі» деген баға берді. Бірінші кезең – Ресей Империясы құлап, Белорус Халық Республикасы құрылған шақ. Зиялылардың ұлттық мемлекет құруға бар күш-жігерін сарп еткен уақыты. 1940 жылы бұл күрестің жұрнағы да қалған жоқ. Оқымыстылар мен қайраткерлер, сөз зергерлері жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, атылып-асылды. Міне, енді, егемендікке қол жеткізген соң, халық белорус тілінің дамып, оның қанат жаятынына әбден сенген еді... Бірақ, 1994 жылы ел президенті ретінде алғашқы рет сөз алған Александр Лукашенко Минск Педагогикалық университетінің мінберінде тұрып, халыққа орыс тілінде үн қатты. Президенттің бұл қылығына сын айтып, қарсыласқандар зал ішінде көп болды. Оларға Лукашенко: «Осында мені түсінбей отырғандар бар ма?!» деген кекесінді сауал қойды. Президент осы кездесуде ел ішінде белорустендіру саясатының асыра жүргізіліп жатқандығын сынға алды. Бұл – белорус тілінің бұдан кейінгі тағдырын айқындаған қорқынышты сөз еді... Бұдан да қорқыныштысы, жиналған қауымның Президент сөзінен кейін ду қол шапалақтауы еді...
Белоруссия тәуелсіздігін жариялаған соң, артынша белорус тілінің де мәртебесі мемлекеттік тіл деп айқындалды. Белорус тілі бұл құзіретін ұзақ сақтай алмады. 1995 жылы мамыр айында бүкілхалықтық референдум өткізілді. Күн тәртібіндегі мәселе – «Сіз белорус тілімен қатар, орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе берілгенін қалайсыз ба?». Референдум нәтижесі таңғаларлық. Халықтың 83,3 пайызы «Иә» деп жауап берді. Билік те, халық та осы шешімімен ана тілдерін ақтық сапарға шығарып салғандай. Олай демеске амал жоқ. Референдумнан кейін белорус тілі символикалық сипатқа ғана ие боп қалды.
Жиырма жылда бәрі өзгерді. Бүгінгі күні белорус халқының 30 пайыздан азы ғана туған тілінде сөйлей алады. ЮНЕСКО белорус тілін жойылып бара жатқан тілдердің санатына қосты. Бұл шындықты ұлтшыл белорустер де жылап тұрып мойындайды.
Бүгінгі күні белорус тіліндегі мектептер жаппай жабылып жатыр. Күштеп емес, әрине. Ата-аналар балаларын белорус мектептеріне беруден түбегейлі бас тартуда. Сыныптарға бала толмай, тіпті, кейбіріне мүлдем бала келмей, бос қалуда. Нәтижесі, көз алдымызда. Белоруссияда жылына орта есеппен 100 мектеп жабылады. Орыс мектептерінде белорус балаларының 75 пайызы білім алады. Жоғарғы оқу орындарының 90 пайызы орыс тілінде оқытады. Белорус тілінің қажетсіздігін дәлелдейтін мына дерекке қараңыз. Белорус филологиясы мамандығына түсу үшін ең төменгі балл (22 балл) жинасаңыз да жеткілікті. Ал басқа мамандықтар үшін 230 балл алсаңыз да, аздық етуі мүмкін.
Белоруссияда «трасянка» деген ұғым әрі термин пайда болғалы біраз болды. Бұл сөздің төркіні – «шіріген шөп» дегенге саяды. Яғни, трасянка - орыс тілі мен белорус тілінің қоспасынан туған жаңа тіл. Белорус лингвистерінің тілімен айтсақ, бұл – «чудовищное смесь языков». Трасянкада лексикалық негіз – орыс тілінен, ал фонетика мен грамматика белорус тілінің заңдылықтарынан тұрады. Соңғы деректерге сүйенсек, трасянкада халықтың 93 пайызы сөйлейді.
Белорус саясаткерлері «мемлекет тәуелсіздігі тіл мәселесіне тәуелді емес, тіл мен тәуелсіздікті бір-біріне телудің қажеті жоқ. Екеуі – екі бөлек дүние» деген сыңайдағы пікірлер айтуға бейім. Бөбегім, мұндай ұстанымның ғұмыры ұзақ емес.