Транскаспий көлік бағдары арқылы контейнерлік тасымал 2,7 есе өсті

Астанада сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Ғаламдық байланыстар хатшылығының Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсонмен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
СИМ мәліметінше, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін және одан әрі серіктестік перспективаларын талқылады. Арман Шаққалиев ЭЫДҰ-ға Қазақстанның сауда интеграциясын дамытуға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және тұрақты экономикалық өсуге бағытталған бастамаларын қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) дамуына және ЕО-ның «ТХКБ бәсекеге қабілеттілігін арттыру» жобасын іске асыруға ерекше назар аударды.
Қазақстан логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруді және бұл бағытты отандық экспорттаушылардың пайдалануын ынталандыруды жалғастыруда. 2024 жылы ТХКБ бойынша тасымал көлемі 4,5 млн тоннаға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 62%-ға өсті, ал контейнерлік тасымалдар 2,7 есеге артып, 56,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) құрады. Қытай – Еуропа бағыты бойынша 35,6 мың ЖФЭ тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 есеге көп. Ал 2025 жылға 5,2 млн тонна, оның ішінде 70 мың ЖФЭ контейнерлік тасымалға жеткізу жоспарланып отыр, - делінген мәліметте.
