Трамп баж салығын енгізді: Тоқаев пікір білдірді

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Баршаңызға белгілі, жаһандық сауда соғысының өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз. Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді. Апта басында барлық негізгі индекстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады. Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр. Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаһандық ахуалға мейлінше бейімделіп жұмыс істеу, яғни, әр қадамды мұқият ойластырып, салмақты шешімдер қабылдау арқылы Қазақстан экономикасын түрлі сын-қатерден сақтап қалу маңызды екеніне тоқталды.
Сондықтан Үкімет кез келген мәселені алдын ала қарастырып, тиімді және батыл әрекет етуге тиіс. Еліміздің мүмкіндіктері мол, әлеуеті орасан зор. Қаңтар-наурыз айлары бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 5,8 пайыз болды. Бұл – қазіргі күрделі жағдайда өте жақсы көрсеткіш деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлттық экономикамыз негізінен көлік саласы, құрылыс саласы, өнеркәсіп және сауда-саттық есебінен дамып жатқанын атап өткім келеді. Бұл – өте маңызды жетістік. Сонымен қатар әлемдік дағдарыс күшейіп кеткен жағдайда еліміз Ұлттық қор резерві мен алтын валюта қорының мүмкіндіктерін қолдана алады. Осындай күрделі уақытта біздің кәсіпкерлеріміз де ерекше белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі оларды ешқандай қиындыққа қарамай еңбек ете алатын нақты істің адамдары деп есептеймін. Бізге қазір құр сөздің еш қажеті жоқ. Біз бәріміз бір ел болып тек табанды және тиімді жұмыс істеуіміз керек, – деді мемлекет басшысы.
