Жаңалықтар

Трамп әкімшілігі құпия чатқа байқамай журналисті қосып жіберген

Трамп әкімшілігі құпия чатқа байқамай журналисті қосып жіберген
Фото: Getty Images 25.03.2025 11:42 297

The Atlantic журналының бас редакторы Джеффри Голдберг АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жоғары лауазымды мүшелері Йемендегі хуситтерге қарсы әскери операцияның егжей-тегжейін талқылаған Signal мессенджеріндегі құпия топтық чатқа кездейсоқ қосылып кеткен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Голдберг "Трамп әкімшілігі маған өздерінің әскери жоспарлары туралы кездейсоқ жазды" атты мақаласында хабарлады. Кейін бұл ақпаратты Ақ үй де растады.

AFP агенттігінің мәліметінше, бұл АҚШ-тың жаңа әскери тарихындағы ең ауыр қауіпсіздік бұзушылықтарының бірі болуы мүмкін.

Голдбергтің айтуынша, 11 наурызда, яғни Вашингтонның Йемендегі хуситтерге қарсы әскери әрекеттер басталғанын ресми жариялауына төрт күн қалғанда, оған онлайн-чатқа шақыру келген. Чатқа 18 адам қатысқан, олардың арасында АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдері болған. Атап айтқанда Қорғаныс министрі Пит Хегсет, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Вице-президент Джей Ди Вэнс және Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолц.

Голдбергтің мәліметінше, олар әскери шабуылдардың уақыты мен нысандарын, басқа елдердің ықтимал реакциясын, сондай-ақ мүмкін болатын тәуекелдер мен салдарларды егжей-тегжейлі талқылаған.

Журналистің айтуынша, АҚШ-тың әскери іс-қимыл жоспары операция басталудан екі сағат бұрын чатқа жіберілген. Онда қолданылатын қару-жарақтар, соққы жасалатын нысандар және уақыт кестесі туралы нақты ақпарат қамтылған.

Мен бастапқыда бұл чатты шынайы деп ойлаған жоқпын. Бірақ содан кейін хуситтерді бомбалар атықлай бастады, – дейді Голдберг.

Ол бұл жағдайды "құпиялылықты өрескел бұзу" деп атады.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Брайан Хьюз журналистің телефон нөмірі қалайша құпия чатқа қосылып кеткенін тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге: "Мен бұл оқиға туралы ештеңе білмеймін", – деп жауап берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға