Жаңалықтар

ТОЙ ТҮЙІНІ

ТОЙ ТҮЙІНІ
27.08.2014 02:47 4579

Ирандағы той Маңғыстау тойындай. Бірақ иранда жерге дастарқан жайып марқайып отырады. Дастарқанда жеміс- жидек басымдау. Ал етті Иранда өте дəмді, жұмсақ, баптап пісіреді. Тек сорпа қызыл болады. Себебі қазан қайнап жатқанда-ақ томат соусын құйып жібереді.

Иранда той тілегі баяндама-тост болып айтылмайды. Тойшы реті келгенде ақ тілегін қысқаша ғана айтады. Арақ деген атымен болмайды. Сондықтан да тойдағы дастарқан мəзірі ұзаққа созылмайды. Бірақ бұдан той қысқа болып қалмайды. Күйеу – құда қыз ауылында оншақты күндей болып, ағайындар кезектесе шақырып, думан-тартыс жалғасып жатады.

Қазіргі кезде қазақтың ұлттық өнері тапшылау көрінеді. Мұндағы той əндері көбісі мұңды, парсы əндері орындалады. Қыз баланың жасауы. Қалыңдықтың киімі – үлде мен бүлде. Төсек неше түрлі, ең кемі төрт-бес қалы кілем, ыдыс-аяқ. Бұл жақта қалыңмал алынады. Міндетті түрде берілуі керек. Бірақ сол қалыңмал түгелдей қыздың жасауына пайдаланылады жəне ол жетпей қыздың үйі тағы шабылады, бəсеке деген бəле той тауқыметінің бір бөлігі. Сонда қалыңмал алды десе де, қыздың үйі үлкен шығында қалады.

Жаңа түскен келін-баланың сəніне көз де, сөз де жетпейді. Мұнда қыз балалар түгелдей ісмерлік, кілем тоқу мен киім тігуді үйренеді. Жас келін оймышталған керемет камзол, түрлі қима-қиынды желектер, зерлі ою, бедерлі белбеумен сəндене киініп келеді.

Күйеу ақшыл киім киюге тиіс . Ақ қалпақ, ақ көйлек, (галстук ол жақта дəріптелмейді), ақшыл плащ, ақшыл шалбар, ақ шұлық, аппақ туфли. Бұл қазақтың «ақтан жарылқасын» деген ырымы. Күйеу сызылып, бір тізерлеп отырады. Жəне жай бір тізерлеу емес, шоқиып тік отырады. Есіктен біреу кіріп келсе, ұшып тұрады. Неше адам кіріп, шықса да (үлкен болсын, кіші болсын бəрі бір) ұшып тұрып сəлем береді. Ирандағы қазақтарда неке қию рəсімі жақсы сақталған. Ақсақалдар бұл дəстүр бұдан 60-70 жыл бұрын Маңғыстаудан кеткендегіден еш өзгерген жоқ дегенді айтады.

Əуелі молда қол жайып бата қылады. Содан кейін оның екі жағына екі адам жайғасады. Біреуі жігіттің өкіл əкесі, екіншісі қыздың өкіл əкесі. Жігіттің өкіл əкесі бір жас жігітті шақырып, оны өзіне уəкіл етіп тағайындайды. Енді сол уəкілді қыздың өкіл əкесіне жұмсайды. Құда түсіп, біздің баламызға қызын бере ме, бермей ме? Тап осы жерде қызық ойын басталады. Қыздың өкіл əкесі «бұлданады». Күйеу бала жөнінде жорта сұрақтар қояды. Басы таз емес пе? Көзі қыли емес пе? Ал уəкіл күйеу баланы майпаздап, мақтай береді. Бұл ойын – айтыс сол түнгі тойдың қызығы. Содан кейін уəкілден түрлі сұраныстар талап етіледі. Бұл қалыңмал емес, қалыңмал тойдан бұрын келісіліп беріліп қойған. Тек ойын есебінде. Мəселен, мынадай күлкілі сұраулар қойылады.

Тоқсан тоғыз тасбақа,

Алпыс алты құрбақа,

Жетпіс жеті құмырсқа əкел дейді. Уəкіл жігіт етегін толтырып, соларды əкелген болады. Əн айту, би билеу бəрін қыздың өкіл əкесі сұрап, ал уəкіл ұйымдастарып отырады. Тағы да түрлі қызғылықты сұрақ, ойындардан кейін қыздың өкіл əкесі: «Апыр-ай енді мен көндім, енді баланың өзінен сұраңдаршы» дейді. Уəкіл жігіт жүгіріп жігіттің өкіл əкесіне келіп, қыздың өкіл əкесінің көнгенін хабарлайды. Жігіттің өкіл əкесі мұны ортада отырған молдаға жеткізеді. Молда ишарат етіп, енді қыз бен жігіттің өздерінің разылығын сұраңдар, - дейді. Енді уəкіл жігіт жүгіріп, келесі бөлмеде шымылдықтың тасасында отырған қызға келеді.

 

Куəдірміз, куəдірміз,

Куəлікке жүрəдүрміз.

Таңда хақ қасында

Бүгінде халық қасында

Ақ куəлігін бередүрміз.

Сіз ризасыз ба?, - деп сұрайды. Қыз ұялып көбіне «разымын» деп айта алмайды. Ал уəкіл жігіт қызық үшін қазымырланып қайта-қайта сұрай береді. Сонда қасында отырған жеңгелері «Əй, қу шешек шыққыр, кетші, бұл разы, ұялып айта алмай отыр» деп əлгіні қуып жібереді екен. Бірақ соңғы кезде қыздар ұялмай-ақ «разымын» деп, басын шұлғып отыратын болды деп күліседі. Содан кейін күйеу жігіттен сұрайды. Ол разылығын білдіреді. Сосын уəкіл қыз бен жігіттің өкіл əкелеріне жастардың разы екендіктерін хабарлайды. Екі өкіл əке бұл мəселені ортада отырған молдаға мəлім етеді. Осы кезде ішінде секері жəне күміс теңгесі бар бір кесе су əкелінеді. Секер өмірлерінің тəтті болуының ырымы, ал күміс теңге – Омар патша заманынан қалған қаде деседі. «Омардың он теңгесі» деп аталады екен. Себебі сол кезде шыққан бұл күміс пұлдың мөлшері, бұл отбасының табыс байлығының ырымы.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға